Кәріз жүйесі жоқ: Бейнеудегі көпқабатты үйлер су астында қалды

25.06.2025 18:19

Ауданының орталығында көпқабатты 90 үй бар

Маңғыстаудағы Бейнеу ауылында орталықтандырылған кәріз жүйесі жоқ. Салдарынан жер үйлер мен көп қабатты пәтерлерден шыққан кәріз суы жерге сіңіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бейнеу ауданының орталығында көпқабатты 90 үй бар. Соның 23 пайызында ғана кәріз жүйесі жұмыс істейді. Қалғандарында пәтерлерден шыққан лас су жертөлеге кетіп жатыр. Мұны №32,33,34 үйдің тұрғындары да растап отыр. Көпшілік  жағымсыз иіс пен масаның ортасында отыруға мәжбүр. Ал пәтерлерін сатайын десе өтпейді. Олар кәріз жүйесін жүргізіп беруді сұрап, құзырлы органдарға талай шағым түсірген.

«Жертөледе су жаз бойы тұрады, шыбын-шіркейі толып қалған. Күн ысыған кезде жүру мүмкін емес. Жөндеу жұмысын айтпай-ақ қояйын, бірінші кәріз желісін ауыстыру керек», – деді Бейнеу ауылының тұрғыны Нұрлан Дүйсенов.

Ауылдағы жер үйлердің де жағдайы мәз емес. Мұнда кәріз суы шұңқырларға төгіледі. Ал ол құмды жерге сіңіп жатыр. Салдарынан жер асты суы көтеріліп, төменгі жақта орналасқан үйлерді су басады. Қазір қауіп төнген 5-6 көше бар. Әкімдік сол аумақтарға дренажды жүйе орнатуға ұсыныс берген. Бейнеу ауылында 57 мың халық тұрады. Бірақ осы кезге дейін орталықтандырылған кәріз жүйесін жүргізу жобасы қарастырылмаған.

«Газ, су  бар, әр жүйенің белгілі қорғау аймағы болады.  Кәріз жүйесі мен ауыз судың арақашытығы болады.  Осындай мәселелер қиындық тудырып тұр», – деді Бейнеу ауданының әкімі Рақымжан Шалбаев.

Ауданда ескі кәріз жүйесін модернизациялау бойынша жоба жасақталып жатыр. Сонымен қатар суға кеткен үйлердің қасына 2 дренажды жүйе орнатылған.

Айта кетейік, сәуірде жауған жарты сағаттық жаңбырдан кейін №81 үй су астында қалып, 3 отбасы эвакуацияланған.

Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, Маңғыстау облысынан

Оқи отырыңыз: Атырау облысында жұмысшы абайсызда кәріз құдығына түсіп кетіп, көз жұмды