Кәсіподақтар жұмысшылар құқығын қалай қорғайды

t.me/enbekgovkz
t.me/enbekgovkz

Қазақстанда 19,6 мыңға жуық ұжымдық шарт цифрландырылды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде 2,9 миллионға жуық мүшесі бар 530 кәсіподақ ұйымы қызмет етеді. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік әріптестермен бірлесіп, еңбек заңнамасын жетілдіру, ұжымдық шарттар жүйесін дамыту және жұмысшылардың құқықтарын қорғау тетіктерін нығайту бағытында жұмыс жүргізіп келеді. 10 қазанда елімізде Кәсіподақтар күні атап өтіледі, деп хабарлайды Almaty.tv.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, кәсіподақ ұйымдарының құрамына республикалық деңгейдегі 4 кәсіподақ бірлестігі, салалық 54 кәсіподақ, 25 аумақтық бірлестік және 447 жергілікті кәсіподақ кіреді. Олар жұмыс берушілермен және мемлекеттік органдармен қарым-қатынаста жұмысшылардың мүддесін қорғайды, ұжымдық келіссөздерге қатысады, сондай-ақ еңбек және әлеуметтік мәселелерге қатысты заңнамалық бастамаларды талқылайды.

Кәсіподақтардың қызметі жұмыскерлердің күнделікті еңбек жағдайына тікелей қатысты мәселелерді қамтиды. Атап айтқанда, жалақының төленуі, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жұмыс және демалыс уақытының сақталуы, әлеуметтік кепілдіктерді орындау және еңбек дауларын реттеу бағыттарына басымдық беріледі. Кәсіподақ өкілдері арқылы жұмысшылар еңбек жағдайларын талқылауға және жұмыс берушінің міндеттерін ұжымдық шартта бекітуге қатыса алады.

"Еңбек министрлігі ұжымдық шарттар жүйесін дамытуға және бұл үдерісті цифрландыруға ерекше мән береді. 2026 жылдың 1 тамыздағы жағдай бойынша 19 683 ұжымдық шарт цифрландырылған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 11 мыңға көп", - делінген ведомство хабарламасында.

Ұжымдық шарттарда жалақы төлеу, кәсіби даярлық, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жұмыскерлерді әлеуметтік қолдау бойынша қосымша кепілдіктер бекітіледі. Ал цифрлық жүйелер осы бағыттағы ақпаратты орталықтандыруға және тараптардың міндеттемелерінің орындалуын бақылауды жетілдіруге жол ашады.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда жыл сайын 1,5 мыңға жуық нәрестеге күрделі хирургиялық операция жасалады