Құқыққа қайшы контент таратқан онлайн-платформалардың жауаптылығы күшейтілмек

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv

Заң жобаларында бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысына қатысты да жаңа талаптар бар

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда құқыққа қайшы контент таратқан онлайн-платформаларға және оны жою туралы уәкілетті органның нұсқамасын орындамаған олардың өкілдіктеріне әкімшілік жауаптылық енгізу көзделіп отыр. Бұл туралы Құрылтайдың бірінші оқылымда мақұлданған заң жобаларында айтылған, деп хабарлайды Almaty.tv

Онлайн-платформалар және масс-медиа мәселелеріне қатысты екі заң жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген. Құжаттарда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске де бірқатар өзгеріс енгізу қарастырылған.

Атап айтқанда, Қазақстан аумағында жұмыс істейтін онлайн-платформалардың өкілдіктері заңнамада белгіленген тәртіппен есептік тіркеуден өтуге міндеттеледі. Сонымен қатар масс-медиа мен онлайн-платформаларда бейәдеп сөздер қолданғаны үшін жауаптылық енгізілмек.

Заң жобаларында бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысына қатысты да жаңа талаптар бар. Енді БАҚ мемлекеттік органдардың ресми жауаптарын арнайы таңбалауға міндетті болады.

Ал теле- және радиоарналар еркін қол жеткізілетін теле-, радиоарналар тізбесіне енгізілген күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде хабар таратуға кірісуге тиіс.

Бұдан бөлек, заңнамаға «аудиовизуалды платформа» ұғымы енгізіліп, мұндай платформалар операторларының қызмет тәртібі айқындалады.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда 16 жасқа дейінгі балаларды әлеуметтік желілерде тіркеуге тыйым салынбақ