Құқықтық мәдениетті арттыру: Алматы полициясы әлеуметтік бейнеролик әзірледі

26.02.2026 15:23

Бейнероликтің мақсаты – азаматтарды құқықтық тұрғыдан ақпараттандыру және құқыққа қайшы әрекеттердің алдын алу

Аlmaty.tv

Алматы қаласының Полиция департаменті құқықтық мәдениетті арттыруға бағытталған әлеуметтік бейнеролик әзірледі, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Алматы қаласы полиция департаментінде полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбау, оларды балағаттау және қызметтік міндеттерін атқару кезінде күш қолдану фактілерінің артқаны атап өтілді.

Ведомство мәліметінше, жауапкершілікке тартылған азаматтар өз әрекеттерінің құқықтық салдары туралы білмегенін алға тартатын жағдайлар жиі кездеседі. Осыған байланысты Алматы қаласы полиция департаменті түсіндіру сипатындағы әлеуметтік бейнеролик әзірледі.

Бейнероликте полиция қызметкерінің заңды талабына бағынбау әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғатыны, билік өкілін көпшілік алдында қорлау құқық бұзушылық болып саналатыны, ал қызметтік міндетін атқарып жүрген полиция қызметкеріне қатысты күш қолдану немесе оны қолданамын деп қорқыту қылмыстық құқық бұзушылық ретінде сараланып, нақты бас бостандығынан айыру жазасына дейін апаратыны қарапайым әрі түсінікті тілмен түсіндірілген.

Бейнероликтің мақсаты – азаматтарды құқықтық тұрғыдан ақпараттандыру және құқыққа қайшы әрекеттердің алдын алу.

– Қызметтік міндетін атқарып жүрген полиция қызметкері – мемлекеттің өкілі. Кез келген қарсылық, агрессия немесе ар-намысына тию – жай ғана “эмоция” емес, нақты құқықтық баға берілетін әрекет. Біз азаматтар ұсталғаннан кейін “мұның қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін білмедік” деп айтатын жағдайларға жиі кезігеміз. Сондықтан заң нормаларын алдын ала, ашық түрде түсіндіруді маңызды деп санаймыз, – деді Алматы қаласы ПД арнайы және кәсіби даярлық басқармасының бастығы Ерлан Әбсадық.

Оның айтуынша, азаматтардың басым бөлігі заң талаптарын сақтап, полициямен өзара іс-қимылда әдептілік танытады. Дегенмен жекелеген агрессивті көріністер қағидатты құқықтық шара қолдануды талап етеді.

– Біздің міндетіміз – қоғамның және полиция қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Заң – баршаға ортақ. Ал оны білмеу жауапкершіліктен босатпайды, – деп атап өтті Ерлан Әбсадық.

Полиция өкілдері қызметтік міндетін атқарып жүрген қызметкердің кез келген заңды талабы міндетті түрде орындалуға тиіс екенін еске салды. Даулы жағдайлар заңнамада белгіленген тәртіппен шағымдануға жатады. Әлеуметтік бейнеролик департаменттің ресми интернет-ресурстарында жарияланып, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.

Оқи отырыңыз: Алматыда шатырдағы мұз бен қарға байланысты жауапкершілік туралы ескерту жасалды