Құрылтай Президенттің Жолдауда жариялаған бастамаларын қолдады

04.11.2026 15:18

Айдос Сарым Жолдаудың ел тарихының сапалы кезеңіне жол ашатынын атап өтті

t.me/quryltairesmi

Құрылтай депутаты Айдос Сарым Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру бойынша үндеу жасады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ол құжатта қамтылған маңызды бастамалар мен нақты мақсат-міндеттер қоғам тарапынан үлкен қолдау тапқанын атап өтті.

– Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы – жаңа жоспарларымыз бен іс-қимылымыздың доктринасы. Жолдауда алдымызға тарихи міндет қойылып отыр. Ол – бүкіл экономикалық капиталды инфрақұрылымды түбегейлі жаңартуға, әлеуметтік саланы сапалы дамытуға және қазақстандықтардың тұрмыс деңгейін көтеруге жұмылдыру. Игі бастаманың өзегінде адам мен оның құқығы, қадір-қасиеті және ертеңгі күнге деген сенімі тұр.

Президент 2027 жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялады. Осы бастаманың аясында бүкіл еліміз бойынша инженерлік, жол-көлік, медициналық және мәдени нысандар бой көтереді. Бұл – коммуналдық және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртудың бұрын-соңды болмаған жобасы.

Мемлекет басшысы Жолдауында еліміздің индустриялық-технологиялық тұрғыда жедел дамуына қажетті тетіктер әзірлеу қажеттігіне баса назар аударды.  Алдымызда энергетикалық дербестік пен транзиттік тасымалды арттыру, ауыл шаруашылығын жандандырып, елімізді Еуразияның көлік-логистикалық орталығына айналдыру сияқты кешенді мақсаттар бар.   

Президент цифрландыру, жасанды интеллектіні дамыту бағытында нақты шаралар бағдарламасын қабылдауды тапсырды. Технологиялық жаңғыру еңбек өнімділігін арттырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және халықтың табысын өсіруге тікелей әсер етеді.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында әлеуметтік саясаттың ең өзекті мәселелерін де толықтай қамтыды.

Қазақстан Республикасының Құрылтайы Президент айқындаған ұлттық жаңғыру бағдарламасын толық қолдайды және оны заңнамалық, сараптамалық және қоғамдық тұрғыда ілгерілетуге бар күш-жігерін жұмылдырады, – деді депутат.

Сөзін қорытындылай келе, Айдос Сарым Құрылтай Президент айқындаған ұлттық жаңғыру бағдарламасын толық қолдайтынын, оны заңнамалық тұрғыда ілгерілетуге бар күш-жігерін жұмсайтынын айтты. Ол осындай тарихи сәтте әр азаматты, тұтас қоғамды мемлекетіміздің өркендеуі үшін бірігуге, игі істерге тізе қосуға шақырды.

– Қадірлі қазақстандықтар! Президенттің Жолдауы халқымыздың талап-тілегімен толық үйлесім тауып отыр. Ендігі міндетіміз – осы іс-шараларды ел болып еңсеру. Ұлы мақсаттар қай кезде де ұлы бірлікті талап етеді.

Мемлекет басшысы айтқандай, «Дәл осындай жауапты кезеңдерде ұлттың мінезі айқын көрінеді. Енжарлық пен бейқамдық танытқан ел тарихта жеңімпаз ұлт болмайтыны анық». Жеңімпаз ұлттың, жасампаз ұлттың күші – береке-бірлікте! Сондықтан, осындай тарихи сәтте біз әр азаматты, тұтас қоғамды болашақ үшін, мемлекетіміздің өркендеуі үшін бірігуге, игі істерге тізе қосып, атсалысуға шақырамыз! - деді Айдос Сарым.

Құрылтай Төрағасы Айбек Дәдебай бұл үндеу барлық фракция депутаттарының ортақ ұстанымы екенін айтып, әріптестерін Президент бағдарын қолдауға шақырды.

Оқи отырыңыз: Жолдау ауыл шаруашылығында жасанды интеллектіні кеңірек қолдануға жол ашады

Толық көрсету