Құрылтай сайлауы: Алматыда 170 инватакси жұмыс істеді

23.08.2026 22:46

Қалада сайлаушылар тізіміне 9 мың 566 мүгедектігі бар азамат енгізілген

Алматыда ерекше қажеттілігі бар жандардың сайлауға қатысуына 170 инватакси жұмылдырылды. Оның ішінде арнайы жабдықталған 36 автокөлік бар, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Алматы қаласының сайлаушылар тізіміне 9 мың 566 мүгедектігі бар азамат енгізілген. Солардың бірі - Меруерт Құлахметова. Оның арбаға таңылғанына 28 жыл болған. Алайда мегаполисте еш қиындықсыз жүріп-тұрады. Себебі қозғалысы шектеулі азаматтар үшін қалада барлық қажетті жағдай жасалған. Елдегі саяси науқандарға да белсенді қатысып, азаматтық міндетін орындауға еш кедергі жоқ дейді. Бүгінде инватакси қызметін пайдаланып жүргеніне 10 жылға жуықтаған.

«Құрылтайға өз дауысымды беруге келдім. Менің ойымша әрбір қазақстандық дауыс беруге міндетті. Ол Қазақстанның болашағына тікелей әсерін тигізеді. Инватакси көлігімен сайлау учаскеме келдім. Тек сайлау кезінде ғана емес, күнделікті өмірімізге толыққанды қатысу үшін көптеген себеп беретін көлік құралы деп есептеймін», – деді қала тұрғыны Меруерт Құлахметова.

Қала әкімдігі ұсынған инватакси қызметін арбамен жүретін, тірек-қимыл аппараты және көру қабілеті бұзылған азаматтар пайдалана алады. Сайлау күні қызмет көрсетуге 170 инватакси жұмылдырылған. Оның 36-сы арнайы жабдықталған көлік болса, 134-і жеңіл автокөлік. Бұдан бөлек, сайлау учаскелерінде пандустар және кедергісіз орта элементтері, көру қабілеті төмен азаматтарға арналған Брайль қарпіндегі трафареттер, лупалар және мәтінді аудио форматта тыңдауға мүмкіндік беретін құлаққаптар қойылған.

«Көліктеріміз заманауи. Жұмысымыз жақсы. Мүмкіндігі шектеулі кісілерге күнделікті қызмет етіп келеміз.Күніне жоқ дегенде 15-16 адамнан тапсырыс түседі, көбіне арбада отырған кісілер. Диализге баратын кісілер бар, мектеп, емханаға барады. Басым бөлігі жүре алмайды», – деді  инватакси жүргізушісі Жайық Ілиясұлы.

Айта кетейік, инватакси қызметіне алдын ала тапсырыс беру үшін арнайы диспетчерлік орталық жұмыс істейді. Сонымен қатар 23 тамызда, 20 кезекші көлік қызмет көрсетіп жатыр.

Олжас Омарбек, Таңат Рахымов

Оқи отырыңыз: Сайлау учаскелерінің жабылуына 1 сағат қалды

 

Толық көрсету