Құрылтай сайлауы қарсаңында елордадағы учаскелердің дайындығы пысықталды

06.08.2026 19:53

Сайлау учаскелерінің қолжетімді орта талапқа сәйкестігі тексерілді

Құрылтай сайлауы қарсаңында Астанадағы учаскелердің дайындығы жан-жақты тексеріліп жатыр. Бұл жолы мамандар мүгедектігі бар азаматтарға жасалған жағдайдың талапқа сәйкестігін бағалап, анықталған кемшіліктерді жауапты органдарға жолдайды,  деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі. 

Құрылтай сайлауына санаулы күн қалды. Бас қалада бір топ маман учаскелердің дайындығын тексеруге кірісіп кеткен. Бүгін олар мүгедектігі бар азаматтарға жасалған жағдайды бағалады. Ең алдымен пандустарды қарап шықты. Одан кейін шақыру батырмаларын басып көріп, кабиналардағы арнайы жабдықтарды түгендеді. Онда талапқа сәйкес арнайы бағдарламасы бар ноутбук, аудио бюллетень және қажетті ақпараттық материалдар болуы керек.

Сондай-ақ көру қабілеті бұзылған азаматтарға арналған Брайль қарпімен жазылған материалдар, лупа мен қағаз нұсқаулық болуы шарт. Қоғамдық бақылаушылар мұндай талап әрбір сайлау учаскесінде сақталуы тиіс деп отыр.

«Қолданыстағы нұсқаулыққа сәйкес, әрбір сайлау учаскесінде құлаққаппен жабдықталған компьютер болуы тиіс. Онда арнайы бағдарлама орнатылады. Егер адам Брайль қарпін оқи алмаса, құлаққап арқылы партиялар мен олардың бюллетеньдегі ретін тыңдап, содан кейін дауыс бере алады. Алайда бүгін біз тексерген учаскеде мұндай компьютер жоқ. Тәжірибеге сүйенсек, барлық учаскеде бұл бағдарламалар дұрыс жұмыс істей бермейді. Сондықтан біз олардың бар-жоғын ғана емес, жұмыс істейтінін де тексереміз», – деді қоғамдық қордың өкілі Елена Швецова.

Бақылаушылар тексеріс кезінде бірқатар ұсақ кемшілікті анықтады. Атап айтқанда, учаске аумағы тар, қосымша кіреберіс талапқа сай емес және бағыт-бағдар көрсететін белгілер жеткіліксіз. Бұл олқылықтар сайлауға дейін түзетілуі керек. Өйткені әрбір азаматтың дауыс беру құқығы сақталуы тиіс.

Сондықтан сайлау комиссиясы учаскеге келе алмайтын азаматтарға үйде дауыс беру мүмкіндігін қарастырған.

«Үйлеріне барып, дауыс беруіне мүмкіндік жасаймыз. Ал егер азаматтардың өздері келіп дауыс бергісі келсе, негізгі корпус арқылы кіргіземіз», – деді №181 сайлау учаскесі төрағасының орынбасары Зухра Бекенова.

Мамандардың айтуынша, қолжетімді орта тек мүгедектігі бар азаматтарға ғана емес, уақытша жарақат алған жандарға, егде жастағы тұрғындарға және бала арбасымен жүрген ата-аналарға да қажет. Сондықтан олар әлі бірнеше учаскені аралап, тексеріс қорытындылары бойынша есептерді Орталық сайлау комиссиясына, сондай-ақ халықаралық ұйымдарға жолдайды.

Астанадан Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Атырауда 1,5 жастағы сәбиді ұрып-соққан тәрбиешіге қылмыстық іс қозғалды