Құс тұмауы жоқ: СҚО тұрғындары ресми ақпаратқа сенбейді

Шахавское ауылында 4 мыңнан аса құс қырылған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

СҚО-дағы Шахавское ауылында құстар жаппай қырылғандықтан шектеу енгізілген. Аулаларда тазарту жұмыстары жүргізіліп, жануар өлексесі қапқа жиналып, сыртқа шығарылып жатыр. Республикалық және жергілікті зертханалар елдімекенде құс тұмауы жоқ екенін растады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Мамандардың айтуынша, қаз-үйректің жойылуына пастереллёз ауруы әсер еткен. Ал ауылдағы жұрт бұл дерекке сенбейді. Себебі миллиондаған қаржысынан айырылған кәсіпкерлер Алматы қаласында тәуелсіз сараптама жасатып көрген. Зерттеу жүргізген сала қызметкерлері - жоғары патогенді құс тұмауы анықталғанын айтқан. Бірақ жауаптылар бұл нәтижені жоққа шығарып отыр.

«Заң бойынша тек аккредитациядан өткен зертханалардың нәтижесі жарамды саналады. Аса қауіпті ауру түріне Астана қаласындағы республикалық зерттеу орындары талдау жасауға құқылы. Біз тек сол орталықтардың дерегін қабылдаймыз. Жекеменшік зертханалар шығарған нәтиже заңды күшке ие емес», – деді Қызылжар ауданы ветеринариялық стансасының директоры Ербол Багенов.

Қорытынды екі түрлі болғандықтан, елдімекенде жағдай шиеленісіп тұр.

Ресми дерекке сүйенсек, Шахавское ауылында 4 мыңнан аса құс қырылған. Қаз-үйрегінен айырылған жұрт енді соттың көмегіне жүгінгелі отыр.

Оқи отырыңыз: Алматыда полицейлер ірі көлемдегі интернет-алаяқтықтың жолын кесті

Новости партнеров