Аз қамтылған отбасылар бұған дейін әр балаға 40-50 мың теңге көлемінде көмек алып келген
Әлеуметтік қаражаттан қағылған атыраулық ата-аналар наразылық білдірді. Әр оқу жылы қарсаңында мемлекеттен көмек алып жүрген жұрт бұл жолы қолдаусыз қалдық деп отыр. Себебі олардың әлеуметтік көмекке жазған электронды өтініштері қабылданбапты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жаңа оқу жылы қарсаңында балаларына тиесілі көмектен қағылған қырыққа жуық ата-ана облыстық әкімдікке келді. Олардың сөзінше, бұған дейін әлеуметтік осал топтағы отбасыларға мемлекет тарапынан тұрақты түрде көмек көрсетіліп келген. Алайда биыл арнайы база құжаттарды қабылдамай, ата-аналарды әуреге салған көрінеді.
«4 балам оқиды. Біреуі Оралда, үшеуі осында. Құжат тапсырған, бір минутқа жетпей, қабылданбағаны жөнінде хабарлама келді. Себебін сұрағанда ешкім білмейді. Құжаттарды жинап, тамызда өткіз деді. ҰОБД ақпараттық жүйесін тексеріп, бұрынғыша аз қамтылған отбасыға Үкімет беретін көмекпен қамтылуын талап етеміз», – деді қала тұрғыны Гүлзира Елеуғалиева.
Аз қамтылған отбасылар бұған дейін әр балаға 40-50 мың теңге көлемінде көмек алып келген. Олардың айтуынша, әлеуметтік қаражаттан қағылсақ, баланы мектепке дайындау қиындайды.
«Балаларымыздың білім алуына жылда мемлекеттен берілетін көмекті берілсін деп талап етіп, келіп тұрмыз. Бұрын бала басына 40-42 мың беретін.Білім басқармасына бір емес, екі рет кеп кетті, өзгеріс болар деп. Бірақ аналар документ тапсырып жатыр, қазіргі таңда 90 пайыз мұқтаж болса да отказ кеп тұр дейді. Бұл не масқара сонда?» –деді қала тұрғыны Сандуғаш Күкенова
Білім басқармасының мәліметінше, қаржыға қатысты дау әлеуметтік көмек алушылардың санатын анықтайтын электронды жүйеге қатысты туындаған. Жауаптылар аталған мәселені шешу үшін министрлікке ұсыныс жібергенін жеткізді.
«Министрліктің жиналысына қатыстық, мәселені қозғадық. Ата-ананың жеке деректерін ашып айта алмаймыз. Сол себепті Оқу-ағарту министрлігіне ұсыныс жасадық. Егер ата-ананың құжатынеге қабылданбағанын білу мақсатында мәселе қаралады», – деді Атырау облыстық білім беру басқармасының басшысы Марат Әбуов.
Ата-аналар болса, балаға тиесілі әрі тұрақты көмекті осы оқу жылы басталғанға дейін беруді талап етіп отыр.
Айта кетейік, еліміз бойынша өткен жылы 500 мыңнан астам балаға мектепке дайындық үшін әлеуметтік қолдау көрсетілген. Ал Атырау облысында былтыр 2-санат бойынша 14 мың адам көмек алса, биыл оның 7 мыңы өтпей қалған.
Жұлдыз Қайратқызы, Атыраудан
Оқи отырыңыз: Заң мен тәртіп: Павлодарда көлікті дұрыс қоймаған 2 мыңнан астам жүргізуші анықталды