Министрлік шешім қашан қабылданатынын айтты
Қырғызстан Қазақстаннан бензин жеткізуді сұрады. Бұл туралы ресми өтініш еліміздің Энергетика министрлігіне түскен. Бұл жөнінде ведомствоның вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Оның айтуынша, министрлік қазір көрші елдің сұранысын қарастырып жатыр. Шешім Қазақстанның ұлттық мүддесін ескере отырып қабылданады. Ең алдымен ішкі нарықтағы жанармай қоры мен сұраныс деңгейі назарға алынады. Негізгі мақсат – ел ішінде отын тапшылығына жол бермеу және жеткізу тұрақтылығын сақтау.
Сонымен қатар, Энергетика министрлігінің өкілдері мұндай өтініштерге байланысты Қазақстанда жанармай бағасының күрт өсуі күтілмейтінін мәлімдеді.
«Біз оны қазір қарастырып жатырмыз. Бірақ барлық шешім біздің ұлттық мүддемізді ескере отырып қабылданады. Сондай-ақ мұндай сұраулар жанар-жағармай бағасының күрт өсуіне әсер етпейді. Мұны сіздерге ресми түрде айтқым келеді. Сондықтан Қырғызстан тарапынан келіп түскен сұранысты жақын арада жан-жақты қарап, тиісті жауабымызды береміз», — деді ҚР Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев.
Оқи отырыңыз: Өңірлерді газдандыру: елдің газ инфрақұрылымы қалай өзгереді