Қызымды алып қашып, зорлады: Шымкентте жәбірленуші тарап істі қайта тергеуді талап етуде

27.01.2026 15:35

Қыздың әкесі оны алып кетуге келгенде, күдікті 70 жастағы азаматты ұрып тастаған

Шымкентте тағы қыз алып қашу оқиғасы. 16 жастағы қызды таныс жігіті алып қашып, артынан зорлаған. Ал кінәлі азамат әлі күнге заң алдында жауап бермеген. Қыздың туыстары істі ашып, қайта тергеу жүргізуді талап етуде, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сұмдық жайт осыдан үш жыл бұрын болған. Сол кездері 16 жастағы қыз әлеуметтік желіде бір жігітпен танысады. Кейін ол қызды сөйлесеміз деп алдап, көлікке шақырыпты. Артынша телефонын тартып алып, жалдамалы пәтерге апарып, зорлаған. 

«Қазір видео түсірем. «Өз еркіммен келдім» деп айтасың. Әйтпесе бұл жерден шықпайтынымызды айтты», – деді жәбірленуші.

Болған жайттан кейін жігіт қызды Түркістан облысындағы өз үйіне апарған. Қыздың әкесі оны алып кетуге келгенде, күдікті 70 жастағы азаматты ұрып тастаған. Осыдан кейін отбасы полиция шақырып, арыз жазған. Алайда құзырлы органдар кінәлі адамды қамаудың орнына, жәбірленушілерді шағымынан бас тартуға үгіттепті.

«Қызыңыз өзі қалам деп жатыр, жігітті қаматқанда, қызды үйге апарғанда не істейсіз?» деді. Үйге барған соң, отырып қалатынын, ешкім алмайтынын айтты. Жігітті 20 жылға бас бостандығынан айырса, көп болмас еді», – деді жәбірленушінің әкесі.

Сол жылы полиция істі жылы жауып тастаған. Ал қыз жігіттің үйінде үш ай бірге тұрады. Сол уақытта 20 жастағы азамат оның шәкіртақысын алып, өзін соққыға жыққан көрінеді. Осы жағдайлардан кейін қыздың отбасы құзырлы органдарға қайта шағымданған. Алайда арада бірнеше жыл өтсе де, кінәлілер әлі де жауапқа тартылмапты.

«Сот сараптамасының қорытындысы бойынша қыздың пердесі бұзылған дәлелін тапқан. Арыз жаздық. Қазіргі таңда әлі жауап жоқ», – деді жәбірленуші тараптың адвокаты Гүлайхан Тұрсуманова.

Бүгінде қыз кәмелет жасына жеткен, ал жігіт 23-ке толған. Жәбірленушілер жылдар бойы әділдік іздеп, Бас прокуратура мен Президент аппаратына дейін шағымданған. Алайда олар істі қайтадан жергілікті органдарға жолдапты. Ал Шымкент прокуратурасы болса, түрлі уәжбен тергеуді қайта бастауға құлықсыз. Соның салдарынан түркістандық ата-ана қыздарының зорланғанын дәлелдей алмай, тығырыққа тіреліп отыр.

Лаура Бабас, Абзал Тұрабеков, Шымкенттен

Оқи отырыңыз: Алматыда автобус жүргізушісі жол үстінде қаза тапты