Аймақта 500 мыңнан астам азамат дауыс беру құқығына ие
Жаңа саяси жүйе жағдайындағы алғашқы ірі электоралдық процеске Қызылорда облысының халқы белсенді түрде қатысып жатыр. Аймақта 500 мыңнан астам азамат дауыс беру құқығына ие. Бұл күні өңірдегі ең қарт сайлаушы, ғасырдан аса жасаған соғыс ардагері Яхия Тасыров учаскеге келіп, көпке үлгі-өнеге көрсетті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Құрылтай сайлауында жас та, кәрі де белсенділік танытып жатыр. Солардың бірі – 104 жастағы Яхия Тасыров. Ғасыр жасаған қария елмен бірге сайлау учаскесіне келіп азаматтық таңдауын білдірді. Яхия ақсақал – аймақтағы соғыстың соңғы куәгері. Соғыс ардагеріне учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы құрмет көрсетіп, батасын алды.
«Тілегіміз ақ болсын, көңіліміз шат болсын! Ер азамат жиналған, ел жұртыңа бақ қонсын! Қыдыр болсын жолдасың. Әулиелер қолдасын, қазақ еліне бақ береке орнасын!» – деді соғыс ардагері Яхия Тасыров.
Аймақта 500 мың 591 азамат дауыс беру құқығына ие. Облыста 386 учаске ашылды, 193 учаскеде онлайн сервис жұмыс істеп тұр. Бұл учаскелер сайлаушылардың ЖСН-і арқылы оның қайда тіркелгендігін анықтап бере алады. Ал 27 учаске әскери бөлімдерде, емдеу мекемелерінде, тергеу және уақытша ұстау изоляторларында орналасқан. Маңызды науқанға бей-жай қарамай, елден ерте келіп дауыс берген азаматтар естелік сыйлықтарға ие болды. Солардың қатарында аймақ абыройын асқақтатып жүрген спорт саңлақтары да бар.
«Мен бала күнімнен жамбы ату спортымен айналысамын. Былтыр жастар арасында әлем чемпионатында қола жүлдегер атандым. Ал биыл Азия біріншілігінде күміс медаль еншіледім. Алдағы уақытта әлі де шеберлігімді шыңдап, жүлде санын еселесем деймін. Әрине, бұл – бейбіт заманның жемісі. Сондықтан мүмкіндікті пайдаланып, өмірімде алғаш рет, алғашқылардың бірі болып дауыс беріп отырмын. Ол үшін арнайы сыйлыққа да ие болдым, керемет сезім!» – деді жамбы атудан Азия чемпионы Ғалымжан Өміртай.
Дауыс берудің заңға сәйкес жүруін халықаралық байқаушылар да жіті қадағалап отыр. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымынан арнайы келген Ричард Райт бірқатар учаскеге бақылау жүргізді.
«Мен сайлау барысын бақылау үшін Ирландиядан арнайы келдім. Осыған дейін Украина, Грузия және Қырғыз еліндегі саяси науқандарға қатыстым. Германиялық әріптесім Райнан Идельмен бірге таңнан бері бірнеше учаскені араладық. Жеке өзімді тұрғындардың белсенділігі таңқалдырды», – деді байқаушы Ричард Райт (Ирландия).
Құрылтай сайлауы күні мүгедектігі бар азаматтар үшін де кедергілер жоқ. Барлық учаскелер 1 қабатта орналасқан және арнайы құрылғылармен жабдықталған. Бұл күні облыста 67 инватакси қызмет көрсетеді.
Асқар Сәрсенұлы, Төрехан Әділбекұлы, Қызылорда облысы
Оқи отырыңыз: Ретро атмосфера және күш сынасқан рекордшы: Атыраулықтар сайлауды қалай өткізіп жатыр