Қызылорда облысында егілетін күріш көлемі қысқарады

26.02.2026 16:47

 Биыл диқандар 185 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын егеді

Су – саясат. Су – экономика. Су – ертең. Жыл сайын Сырдарияға түсетін судың шамасына қарап жоспарын қамдайтын диқандар тіршілік көзінің салмағын ерекше сезініп отыр. Ал биыл Қызылорда облысында егілетін күріш көлемі өткен жылмен салыстырғанда 10 мың 900 гектарға қысқартылмақ, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

10 мың 900 гектар. Бұл – жай ғана сан емес, су тапшылығының суық үкімі. Күрішті қысқартуға байланысты қабылданған шешім тіршілік нәрін талғамайтын дақылдарға жол ашты. Әуелі жүгері. Суды үнемдейді, сыртқы нарықта сұранысқа ие. Былтыр диқандар 8 мың гектар алқапқа жүгеріні тамшылатып, жаңбырлатып суару әдісімен егіп көрді. Еңбек жерде қалған жоқ. Енді сол тәжірибе – нақты қадамға айналмақ. Аймақта жүгеріні терең өңдейтін зауыт салу жоспарланып отыр. Жобаның құны – 40 миллиард теңгеге жуық. Ауқымды кешеннің алғашқы бөлігі биыл іске қосылмақ. Зауытқа шикізат ретінде 10 мың гектарға жүгері егу межеленді.

«Бізде бұл дақыл өседі, бірақ өткізетін жер болмағандықтан шаруаларда қызығушылық білдірмейтін. Қазіргі таңда облыс әкімі ірі инвесторлармен келіссөз жүргізіп жатыр. 40 млрд теңгені құрайтын «Қызылорда крахмал-сірне зауыты» басталады. Өзі 2-3 кезеңнен тұрады. Алдымен Сырдария ауданынан 30 га алып отыр. Сонда қабылдау пункті жасалады. Биыл тамыз айының аяғына дейін аталмыш кәсіпорын жүгеріні қабылдауға толық дайын болады», – деді облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы  Талғат Дүйсебаев.

Былтыр жүгері егіп, тәжірибеден өткізген шаруалар оның да тиімді тұстары бар екендігін айтты. Суды аз тұтынатын дақыл, күтімін тапсаң көл-көсір пайдаға кенелтеді. Есеппен жасалған егіншіліктің әртараптандыруға да әсері мол.

«Күріштікте аса маңыздылығы – жерді тегістеу. Жерді тегістеу барысында 20 процентке дейін суды үнемдеу технологиясы бар. Өнімділігі де жоғары болады. Әртараптандыру бойынша Қаратау өңірінен 1 мың гектар жерге тамшылатып суару технологиясымен жүгері дақылын егіп жатырмыз», – деді шаруашылық төрағасы Сәкен Шағыртаев.

 Бұл мәселе Үкімет деңгейінде көтерілді. Енді егіс алқаптарында суды пайдаланудың жаңа тәртібі енеді. Оңтүстіктегі бес өңірде суды пайдалану лимиті белгіленді. Шаруалар келісімшарттағы арнайы лимиттен жоғары су алса, айыппұлға ілінуі мүмкін. 

«Судың басындағы егістіктерге су дұрыс келгенімен артқы жағындағы егістіктер көбіне судан қағылады. Өзімізде де ондай алқаптар бар. Сондықтан суды әділ, кішкентай, ірі шаруашылық демей үлестірсе, бәрімізге жетеді. Бәріміз суды үнемді пайдаланатын технологияларды пайдаланып, поляны тегістеу, каналдарды тазалау секілді жұмыстарды істеп пайдалансақ, су жетеді. Су ережесін бұзған шаруашылықтарға айыппұл салынып жатыр. Дұрыс деп ойлаймын. Заңмен қадағаламаса, қайталана береді», – деді агроном Марғұлан Кенжебаев.

 Биыл диқандар 185 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын егеді. Соның 70 мың гектары Сыр салысы болмақ. Шынында күріш – өңір үшін ырыс. Ал сол ырысты сақтау, дақылды баптаумен байланысты.

Асқар Сәрсенұлы, Төрехан Әділбекұлы,  Қызылорда облысы

Оқи отырыңыз: Кентауда зергерлік дүкенніне түскен ұры ұсталды