Қызылордада колледж студенттері жер жыртып, теория мен тәжірибені ұштастыруда

12.11.2025 21:29

Білім ордасы былтыр аудандағы ірі шаруашылықпен келісімге қол қойған

Теория мен тәжірибені ұштастыру  – жұмысшы мамандар үшін ең маңызды қадам. Дегенмен, кәсіби мамандықты меңгерген екінің бірі егіс даласында трактор тізгіндеп, соқа сүйрей бермейтіні анық. Ал сырбойылық студенттер мұндай тәжірибені тиімді пайдаланып келеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Нұрсұлтан Қошқарбай техниканың тілін түсінгенімен маман ретінде енді меңгеріп келеді. Ауыл баласы үшін атшаптырым алқапта ауыр тракторды тізгіндеу мүлде қиындық тудырмайды. Алғаш әке мектебінен өткен ол енді білім-білігін Жалағаш индустриалды-аграрлық колледжінің қабырғасында жетілдіруде.

«Әкем трактор жүргізеді. Қасында жүріп үйрендім. Жер тегістеп жатыр, мен де байқап көрдім», – деді студент Нұрсұлтан Қошқарбай

Білім ордасы былтыр аудандағы ірі шаруашылықпен келісімге келген. Ортақ мақсат – ауыл шаруашылығы мамандарын бірлесе дайындау. Әрі бітіруші түлектердің тұрақты жұмысқа орналасуына мүмкіндік ашу.

«Кәсіптік практиканы күзде, 296 сағат осы жақта тиімді өтуде. «Жас маман» бағдарламасы бойынша да колледжге техника алған болатынбыз. Ол жақта қауіпсіздік ережелері бар, студенттер осы жерге келіп тәжірибе алмасуда», – деді аға шебер Бақытжан Абдраманов.

«Оқушыларға техникаларды таныстырып, көрсетіп тұрамыз. Заманауи техникалар оқу жоспарымен сәйкес келеді. Егістікте лазерьмен жер тегістеу жұмыстары жүріп жатыр», – деді механик Әзілхан Елікбаев.

Шаруашылықтың техника паркімен танысқан студенттер күріш ақтау зауытында болды. Автоматтандырылған техникаларды әп-сәтте меңгеріп, өздері жұмыс істеп те көрді. Осылайша заманауи технологиямен жұмыс істей алатын, өз ісінің нағыз шеберлері қалыптаспақ.

Асқар Сәрсенұлы, Төрехан Әділбекұлы, Қызылорда облысы

Оқи отырыңыз: Жүргізушіні бақылайды: шымкенттік оқушылар ерекше құрылғы ойлап тапты