Қызылордада оқушылар көру қабілеті нашар балаларға арналған оқу құралын шығарды

24.04.2026 21:27

Лағыл мен Торғын комикстің мобильді қосымшасын да әзірлеп жатыр

Кітап – тек көзбен оқылатын дүние емес. Жүрекпен сезілетін, саусақпен танылатын қазына да бар. Қызылордада оқушылар көру қабілеті бұзылған балаларға арнап ерекше оқу құралын жасап шығарды. Бұл – жай комикс емес, жанарынан айрылған жандарға жаңа мүмкіндік сыйлаған жаңалық, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Лағыл мен Торғынның жаңалығына замандастарының кітапқа қызығушылығы себеп болған. Оқушылар алдымен көру қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп-интернатқа барып, сауалнама жүргізген. Мұнда Брайль қарпімен жазылған кітап болғанымен, көзі нашар көретіндерге оның бәрін игеру оңай емес екенін аңғарған. Ол үшін арнайы құралдың қажет екенін ұғынған.

«Балаларға комикс арқылы ақпаратты есте сақтаған оңайырақ екенін байқаған соң, проектіні қолға алдық. Комекс кітабымыз екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімі - түрлі түсті иллюстрациялар, ал екінші бөлімде Брайль қарпімен илюстрациялар бар», – деді мектеп оқушысы Торғын Ерланқызы.

Кітапты көзбен емес, қолмен оқисың. Әр сурет – бедерлі. Саусағыңмен сипасаң, кейіпкер сөйлеп тұрғандай. Қағаз тіріліп кеткендей әсер қалдырады. Жас өнертапқыштар кейіпкерлерді салуда жасанды интеллектіні де пайдаланған. Жоба жетекшісінің айтуынша, ғылымды жеңіл тілмен жеткізу бөлек, ал оны зағип жандарға бейімдеу – батыл қадам. 

«Оқушыларымның жасап жатқан қосымшасы комикс форматындағы мультисенсорлық оқыту құралын толық онлайн түрге бейімдейді, яғни электронды түрде қосымша арқылы оқи алады. Онда Брайль қарпімен беттерін арнайы шығарып алуға да болады немесе онлайн аудио флипбук арқылы комикстің аудио жазбасын тыңдауына да болады», – деді жоба жетекшісі Арай Нұрбаева.

«Жобамыздың негізгі мақсаты – күрделі ғылыми тақырыптарды комикс форматында түрлендіріп, мультисенсорлық әдістерді қолдану арқылы ерекше білім беруді қажет ететін оқушыларға қолжетімді ету», – деді мектеп оқушысы Лағыл Амангелді.

Лағыл мен Торғын комикстің мобильді қосымшасын да әзірлеп жатыр. Көзі көрмейтін баланың есту қабілеті өте жақсы дамитынын ескеріп, аудио-дыбыс қосқан. Енді олар еңбегін бірнеше тілге аударуды көздеп отыр. Осылайша бастама – бір өңірдің емес, баршаға ортақ игілікке айналмақ.

Асқар Сәрсенұлы, Төрехан Әділбекұлы, Қызылорда облысы

Оқи отырыңыз: Шабыт: алматылық жас өнерпаздар есеп беру концертін өткізді