Қызылордада сүйегі табылған адамның жеке басы ДНҚ арқылы анықталды - ІІМ

23.04.2026 14:19

2017 жылы 27 жастағы ер адам Семей қаласынан шығып кетіп, із-түзсіз жоғалған

Аlmaty.tv

Ішкі істер министрінің тапсырмасы бойынша өткен жылдардағы қылмыстарды ашу жұмыстары жүйелі түрде жалғасып жатыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

Бұл – мұқият талдауды, айғақтарды қайта зерделеуді, деректерді салыстыруды және криминалистиканың заманауи мүмкіндіктерін қолдануды талап ететін күрделі әрі кезең-кезеңімен жүргізілетін жұмыс.

– Бүгінде ІІМ-нің молекулалық-генетикалық зертханасының әлеуетінің арқасында ауыр және аса ауыр қылмыстарға қатысы бар ондаған тұлға анықталды. Адам өлтіру және зорлау фактілері, соның ішінде кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстар ашылды. Аталған істер бойынша жедел-тергеу шаралары жүргізілуде, кейбір істер бойынша алғашқы сот үкімдері де шықты.

Сондай-ақ ведомство хабар-ошарсыз кеткен азаматтарды анықтауға ерекше назар аударады. Мысалы, 2017 жылы 27 жастағы ер адам Семей қаласынан шығып кетіп, із-түзсіз жоғалған. Анасы полицияға жүгінгенімен, ол кезде оның жүрген жерін анықтау мүмкін болмаған. Уақыт өте келе Қызылорда облысында белгісіз адамның сүйек қалдықтары табылды. Жүргізілген ДНҚ-сараптамалары мен заманауи криминалистикалық әдістердің нәтижесінде полицейлер марқұмның жеке басын анықтап, оны із-түзсіз кеткен азамат екендігін растады.               

Әрбір осындай деректің артында жедел уәкілдер, тергеушілер мен криминалистердің үлкен әрі мұқият еңбегі жатыр. Өткен жылдардағы қылмыстарды ашу және хабар-ошарсыз кеткендердің тағдырын анықтау жұмыстары жалғасуда.

Заманауи тергеу тәсілдері мен криминалистиканың мүмкіндіктері қылмыс жасалған уақытқа қарамастан, тұлғаларды анықтауға және қылмыскерлерді табуға мүмкіндік береді. Ешбір қылмыскер жазасыз қалмауы тиіс – бұл Заң мен Тәртіптің басты қағидаты, – деді ІІМ баспасөз хатшысы Шұғыла Тұрлыбек.

Оқи отырыңыз: Ұлттық қор активтері 64,6 млрд долларға жетті