Сот барысында айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, келтірілген шығынды өтеген
Интернет-алаяқтық дерегі бойынша Қазақстанда 121 азаматқа 9 млн теңгеге жуық залал келтірілген, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Қызылорда облыстық прокуратурасынан хабарлағандай, қаланың 31 жастағы тұрғыны әлеуметтік желі арқылы алаяқтық жасағаны үшін сотталған. Ол 2024 жылы алдын ала сөз байласқан адамдар тобымен бірге «Instagram» желісінде жалған парақша ашып, азаматтарды алдаған.
Тергеу мәліметіне сәйкес, күдікті өзін инвестиция арқылы ақша көбейтетін адам ретінде таныстырып, «салған қаражатты еселеп қайтарамын» деп уәде берген. Осылайша ол букмекерлік кеңсе мен төлем жүйесі арқылы жәбірленушілердің ақшасын иемденген.
Соның салдарынан республика бойынша 121 адам алданып, жалпы келтірілген шығын 9 млн теңгеге жуық болған.
Сот барысында айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, келтірілген шығынды өтеген. Осыны ескерген сот оған бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.
2025 жылғы 19 қарашадағы сот үкіміне сәйкес, ол 3 жылға бас бостандығын шектеуге сотталып, қазіргі уақытта пробациялық бақылауда жүр.
Үкім заңды күшіне енген.
Оқи отырыңыз: Түркістан облысында ветқызмет басшылары 928 млн теңге жымқырған