Қызылордалық тұрғын солмайтын гүлдер "өсіреді"

18.08.2026 20:32

Ләззат көз алдындағы гүлдің келбеті мен көркін алдымен көңілінде өреді

Қызылордалық тұрғын солмайтын гүлдер тоқиды. Су сұрамайды, күнге телмірмейді. Бірақ мейірім мен махаббаттан нәр алады. Ісмер Ләззат Бақытжанқызының қолынан шыққан алып гүлдер жай ғана сәндік бұйым емес, әр күлтесінде қиял, әр жапырағында сезім бар. Ең бастысы олардың тамыры топырақта емес, адамның жүрегінде, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ләззат Бакиева – бастауыш сынып мұғалімі. Балаға білім беріп, жүрегіне жылу сепкен ұстаздың тағы бір қыры – ісмерлік. Әуелде көңілінің қалауын ермек еткен жан қызығушылығын кәсіпке айналдырған. Бүгінде Ләззаттың қолынан шыққан алып гүлдер той-думанның, мерекелік кештердің ажарына айналып отыр.

«Гигант гүлдер – қоғамда тренд болып жатқан дүниенің бірі. Кез келген тойхана болсын, сауда орындарында адамдардың бірден осыған назары ауады. Осы арқылы адамдар суретке де түскісі келеді. Кез келген нәрсеге маған балаларым шабыт береді. Солардың тойына деп осы гигант гүлдерді бастадым», – деді қала тұрғыны Ләззат Бакиева.

Ләззат көз алдындағы гүлдің келбеті мен көркін алдымен көңілінде өреді. Мұндағы әрбір күлтеше, әрбір бөлік қолмен жасалады. Мың түрлі моншақтың арасынан мөлдір сұлулықты аршып алу үшін тек шеберлік аздық етеді. Оған сабыр керек. Алып композияциялар адам көліңіне қуаныш сыйласа, ісмер еңбегінің өтелгені.

«Адамға қуаныш сыйлайды, көңіл-күйін көтереді. Кез келген жерді ертегі әлемге айналдырады деуге болады, атмосфераны өзгертеді. Сол үшін адамдарға көбірек қуаныш сыйлау үшін, сол арқылы өзімнің қолөнерімді дамытып жатқан жайым бар. Кез келген адамның бойында белгілі бір қасиет, талант бар. Бірақ көп адам талантты аша алмайды», – деді шебер.

Декоративті гүлдердің әрқайсысының әлемі де, әлегі де бөлек. Жарқыраған жауһар дүниеге көзің де, көңілің де тояды. Гигант гүлдер изолон, фоамиран, органза секілді сапалы материалдардан жасалады. Ісмер әзірге бұл өнерге қызын баулып жүр. Алдағы уақытта мектептегі шәкірттеріне үйретпек. Кәсіптің емес, қасиеттің жалғасқанын қалайды. Өйткені өнердің өрісті болуы оның ұрпақтан ұрпаққа жетуімен өлшенеді.

Асқар Сәрсенұлы, Төрехан Әділбекұлы, Қызылорда облысынан

Оқи отырыңыз: Тас, темір және ағаштан түйін түйген қолөнерші: Жамбылдық шебер жүздеген шәкірт тәрбиелеп отыр

Толық көрсету