Қызылша: өзіңізді және жақындарыңызды қорғау үшін нені білген маңызды

01.12.2025 14:34

Бұл туралы Алматы №36 қалалық емхананың иммунолог дәрігері Әсел Ералықызы айтты

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы

Қызлша - адамға белгілі ең жұқпалы аурудың бірі. Вирус ауа-тамшы арқылы таралады және зор жылдамдықпен жайылады: егер айналада вакцина алған адам болмаса, бір науқас 18 адамға дейін жұқтыруы мүмкін.
Бұл туралы Алматы №36 қалалық емхананың иммунолог дәрігері Әсел Ералықызы айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ауру қызба, жөтел, мұрын бітелуі және көздің шырышты қабатының қабынуымен басталады. Бірнеше күннен кейін ауруға тән бөртпе пайда болады. Дегенмен қызылша ауруы кезінде ең қауіптісі бөртпе емес, вирус тудыруы мүмкін асқынулар.

Ең ауыр жағдай балаларда, әсіресе екпе алмаған кішкентай балаларда байқалады. Оларда көбіне пневмония, ұстама және басқа да ауыр асқынулар дамиды.
Қызылша жүкті әйелдер үшін де қауіпті, егер оларда иммунитет болмаса: ауру түсікке, мерзімінен бұрын босануға немесе ұрықтың туа біткен кемістіктеріне әкелуі мүмкін.
Сонымен қатар ересектердің ішінде де вакцина алмаған немесе екпеден кейін иммунитеті қалыптаспай қалғандары ауруға осал болып қала береді.

Қызылшаның инкубациялық кезеңі орта есеппен 10-14 күнді құрайды. Адам бөртпе пайда болғанға дейінгі төрт күн жұқпалы болады және бөртпе шыққаннан кейін төрт күнге дейін қауіпті болып қалады.

Ауруға шалдыққандардың шамамен үштен бірінде түрлі асқыну дамиды. Ең жиі кездесетін асқыну - өкпе қабынуы, ортаңғы құлақ қабынуы, диарея және мидың зақымдануы (энцефалит). Ересектерде бауыр қызметінің бұзылуы, соның ішінде гепатит те болуы мүмкін.

Қызылшаның ең ауыр салдарының бірі - жітілеу беріштенуші панэнцефалит - сирек кездесетін, өлімге әкелетін ми ауруы, ол инфекциядан соң бірнеше жылдан кейін дамуы мүмкін.

Ғалымдар қызылша вирусының иммундық жүйені басып, «иммунологиялық амнезия» тудыру қабілеті бар екенін анықтады. Бұл кезде организм бұрын жұқтырған инфекцияларды «есінен шығарып», бұрынғы иммунитеті болған ауруларға да осал болады.

Жүктілік кезінде қызылша ерекше қауіпті. Бірінші триместрде ауру түсікке немесе ұрықтың ауыр кемістіктеріне әкелуі мүмкін, ал екінші және үшінші триместрде - мерзімінен бұрын босану және жаңа туған нәрестенің аз салмақта дүниеге келу қаупі бар. Дәрігерлер әйелдерге жүктілікті жоспарлаған кезде қызылшаға қарсы иммунитеттің бар-жоғын тексеруді ұсынады.

Қызылшаға қарсы вакцина - аурудың қауіпсіз және тиімді алдын алу тәсілі. Ол Қазақстанның Ұлттық егу кестесіне енгізілген және көпшілікте тұрақты иммунитет қалыптастырады.
Бірінші доза біріктірілген вакцина (қызылша, қызамық және эпидемиялық паротитке қарсы) балаларға 12-15 ай аралығында жасалады, ревакциналау - мектепке бармас бұрын, 6 жасында жүргізіледі.

Алматыда қазір 7-18 жас аралығындағы балаларға қосымша иммунизация жүргізіліп жатыр. Бұл кампания ұжымдық иммунитетті арттыруға және мектеп оқушылары мен жасөспірімдер арасында қызылшаның таралуын болдырмауға бағытталған.

Тұрақты вакциналау - осы инфекциядан қорғанудың ең тиімді жолы болып қала береді.
Өзіңізді және жақындарыңызды қорғаңыз - егу мәртебесін тексеріп, екпені уақытында алыңыз.

Оқи отырыңыз: Бала саудасы: қытайлық азаматтардың үсітнен қылмыстық іс қозғалды