Қызымның денесі көгеріп келді: Ұлытау облысындағы балабақшада тергеу жұмыстары басталды

Бұл жағдайдан кейін ата-аналар балабақшаларда балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бақылауды күшейтуді талап етуде

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ұлытау облысындағы балабақшалардың бірінен шу шықты. Сәтпаев қаласының тұрғыны бөбекжайға баратын кішкентай қызының денесінің көгергенін байқаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мадина Бұхарбекова қызының денесіндегі көгергенін алғаш рет жазда байқаған. Жағдай бара-бара ушығып, бүлдіршіннің көңіл-күйі де нашарлай бастапты.

 «Басында бір жерге ұрып алған болар деп ойладым. Бірақ олар күн өткен сайын көбейіп, қызымның жағдайы нашарлап кетті. Мен тәрбиешіден сұрағанымда, олар балалар арасында ұрыс болуы мүмкін деп жауап берді», – деді қыздың анасы Мадина Бұхарбекова.

Ал бұл бейнежазбадағы кадрлар отбасы мүшелерінің ғана емес, басқа ата-аналардың да үрейін тудырған. Уайымдаған ана «видеодан өзге балалардың қызды итеріп, тіпті ұрып жатқанын көруге болады. Бала ғой деп мән бермеуге де болар еді. Бірақ тағы бір бейнежазбада кішкентай қызымды тәрбиелеушілердің бірі жұлқып, дөрекілік танытатыны анық байқалады» дейді.. Оған қоса баланы далаға шығармай, іште жалғыз қалдырғаны және түскі ас кезінде оны басқалардан оқшаулағаны да анықталған.

«Қызымды басқа балалардан бөліп отырғызғаны анық көрініп тұр. Олар неге бұндай қадамға барады? Неге балаларды бөледі? Таңертеңгі ас ішкенде, ол бәрінен бөлек, дастарқанның шетінде отырды. Барлығы білген, бірақ ешкім, ешқандай шара қолданбаған», – деді қыздың анасы Мадина Бұхарбекова.

Ата-аналар бұл жағдай бойынша қалалық білім бөліміне жүгінді. Олардың айтуынша видеодағы әрекеттері үшін тәрбиеші жұмыстан босатылған. Бірақ тергеу жұмыстары жалғасуда.

«Тәрбиешіге қатысты құқықтық баға беріледі. Оқиғаның мән-жайы толығымен анықталғаннан кейін, оған тиісті шаралар қолданылатын болады. Бұл жағдайда ішкі тергеу жүргізіледі, қызметкерлердің іс-әрекеттері де қаралады», – деді Сәтбаев қалалық Блім бөлімі бастығының орынбасары Гүлбану Хасенова

Білім бөліміндегілер балабақша психологтарымен бірлесіп ата-аналармен кездесу ұйымдастырылатынын, зардап шеккен балаға психологиялық көмек көрсетілетін айтты. Ал облыстық полиция оқиға бойынша тексеруді бастаған.

«Аталған дерек Сәтбаев қаласы полиция бөлімінде тіркелді. Оқиғаға қатысы бар тараптармен тергеу әрекеттері жүргізіліп, балабақша қызметкерлерінен, ата-аналардан және куәгерлерден оқиға бойынша мәліметтер жинақталуда. Тексеру нәтижелері бойынша оқиғаға құқықтық баға беріліп, заңда көзделген шаралар қабылданады», – деді Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Аңсаған Тоқбергенов.

Бұл жағдайдан кейін ата-аналар балабақшаларда балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бақылауды күшейтуді талап етуде. Олар мұндай жағдайларды тез әрі тиімді түрде шешуді сұрайды.

Алтынгүл Төлегенова, Ұлытау облысынан

Оқи отырыңыз: Әйелді өлтіріп, денесін қоқысқа тастаған: Шымкентте оқушы сотталды

Новости партнеров