Қабырғасы жарылған, іргетасы шөккен: Приозерскіде 8 үй апатты жағдайда тұр

13.08.2025 18:47

  Шаңырағы құлаудың алдында қалған тұрғындар үреймен күй кешуге мәжбүр

Қарағанды облысына қарасты Приозерск қаласында 8 баспана апатты жағдайда. Бес қабатты тұрғын үйдің іргетасы сөгіліп, қабырғасы қақырай бастапты. Ал қара шаңырағы құлаудың алдында қалған тұрғындар үреймен күй кешуге мәжбүр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Ашынған халық Приозерск қаласындағы 5 қабатты баспананың іргетасы сыр бергенін айтады. Соның салдарынан қабырғасы жарылып, плиталары қозғалған. 78 отбасы тұратын мекеннен ештеңе білмей үй алғандардың бірі - Бекзат Кенжебаева. Үш жыл бұрын қоныс аударған ол бұл баспананың қауіпті жағдайда екенін мүлде білмепті. Азамат жылдан-жылға едені түсіп, есік-терезелері қисайып бара жатыр дейді.

«Терезелеріміз дұрыс жабылмайды. Қыста кәдімгідей жел үрлейді. Біз резіңкесін ауыстырғанбыз. Бірақ одан да жел үрлей берді. Сұрап едік, «қабырға қисық, содан» деді. Басында мен өзім білген жоқпын. Бұл үйді сатып алғаннан кейін ғана апатты деп бір-ақ айтты», - деді Приозерск қаласының тұрғыны Бекзат Кенжебаева.

Тұрғындардың шаш етектен келер шағымынан соң жергілікті билік үйге техникалық сараптама жасатыпты. Оның қорытындысы бойынша, баспананың іргетасын шұғыл түрде нығайтып, қабырғасын темір құрсаумен қапсыру қажет деген шешім қабылданған. Бұған қоса, шатыры мен қасбетін де жөндеу жоспарланыпты. Алайда биылғы жазға уәде етілген жұмыс әлі басталмаған.

«Келіп жатыр, тексеріп жатыр, сараптама жасалды. Енді жөндеу жасалады деген әлі соны тосып отырмыз. Үйдің жағдайы осындай. Апатты болған соң түк істей алмай отырмыз. Мұржаны істеп бермесе, үйіміз сасып, көгеріп жатыр. Одан қалса, күллі терезелеріміз шағылып жатыр», - деді Приозерск қаласының тұрғыны Бағдат Жүнісова.

Приозерск қаласында қауіпті жағдайда тұрған бас-аяғы 8 тұрғын үй бар. Қазір оның төртеуін қайта жаңғыртуға жобалық-сметалық құжат жасалыпты. Соның негізінде бюджетке өтінім жіберілген. Ал бес қабатты баспананы "жөндеу жақында басталады" деп Темірхан Айдарханов үйіп-төгіп уәде берді.

«Бұл жерде 2015-2016 жылдары корпустарын нығайту жұмыстары жасалған болатын. Өткен жылдан бастап жарықтар қайта пайда болды деп шағым түсе бастады. Апат алдындағы жағдай деген қорытынды алынды. Облыстық бюджеттен қаражат бөлініп, сатып алу жұмыстары жүргізілді», - деді Приозерск қаласы әкімінің орынбасары Темірхан Айдарханов.

Өзге үш үйдің техникалық жағдайына қатысты құжаттар мемлекеттік сараптамадан өткізіліп жатыр. Ал Приозерсктің Балқаш көліне жақын орналасқанын ескерген геологтар "үйлердің іргетасына жерасты суының жақын болуы әсер еткен"дейді.

Айта кетейік, жалпы қалада 80-ге жуық көпқабатты тұрғын үй бар десек, оның көбі жарты ғасыр бұрын салынған ескі нысан санатына жатады.

Жанбота Бейсембайұлы, Бүлдірген Асығатқызы, «Алматы» телеарнасы үшін арнайы Қарағанды облысынан

Оқи отырыңыз: Каспий теңізін зерттеуге Үкімет резервінен 305 млн теңге бөлінді