Қабырғасы жарылып, шөге бастаған: Шымкентте жаңа мектеп жарамсыз күйге түскен

10.07.2025 19:59

Құрылысына 1 млрд теңге қаржы жұмсалған оқу орынының спортзалы жабық тұр

Шымкентте пайдалануға жуырда ғана берілген жаңа мектептер тозып жатыр. Солардың бірі - № 125 білім ордасы. 8 жыл бұрын салынған ғимараттың бүгінде кей бөліктері апатты күйге түскен. Соның салдарынан, сабақ өткізу мұңға айналып отыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.   

Құрылысына 1 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалған бұл мектептің спорт залы бүгінде осындай күйге түскен. Жаттығу бөлмесінің апатты жағдайда тұрғанына 2 жылға жуықтапты. Алаң едені шамамен 15 сантиметрге отырып, қабырғалары жарылып кеткен. Мұндағы мұғалімдер де ғимараттың шатыры ортасына түсе ме деп алаңдайды.

«Біз «қай кезде осы қабырға құлап қалады екен, қандай апатты жағдай болады екен» деген уайыммен жүреміз. Бір жыл бойы мектебімізде спорттық ойындар, дене шынықтыру сабақтары спортзалда өтілмеді. Себебі апатты жағдайда тұр. Балаларды мұнда кіргізуге болмайды. Балалардың өмір қауіпсіздігі біз үшін өте маңызды», - деді мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Ләззат Әжібекова.

Мектептегі ақаулар алғашқы жылдары-ақ байқала бастапты. Уақыт өткен сайын шөккен оқу бөлмелерінің саны да артып жатыр екен. Мектеп басшылығы бұл мәселені 4 жыл бойы айтып жүріп, әйтеуір әрең дегенде былтыр арнайы сараптама жасатқан. Нәтижесінде ғимарат тұрған аумақта жерасты суының көтеріліп кеткені анықталыпты.

«Ол жердің суы мектептің төбесінен болмаса, қардың еріген суынан емес, жерасты суы екені анықталып отыр. Техникалық сараптама құжаты бойынша оны қайта құрсаулау, апаттың алдын алу жұмыстары жүргізілуі керек», - деді қалалық білім басқармасының бас маманы Ерлан Пірімқұлов.

Тәуелсіз сарапшылар ғимаратты апатты деп танығанымен, жауапты басқарма сараптаманы қайта тағайындады. Себебі олар зерттеу қорытындысына күмәнмен қарап отыр екен.

«Жерасты суына тән. Себебі деңгейі көтеріліп, түсуі мүмкін. Құрылыс жұмыстары жүргізілген кезде су деңгейі төмен болған болуы керек. Ал қазіргі таңда көтерілуі мүмкін. Оны қазір анықтап жатырмыз», - деді қалалық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Айдын Секенұлы.

Егер жаңа сараптама ғимараттың бұзылуына жерасты суы себеп болғанын растаса, құрылыс жүргізген компания жөндеуді өз қаражатына жасап береді. Бұл жұмыстар жыл соңына дейін аяқталуы керек. Алайда 2300-ден астам оқушы жаңа оқу жылын жаңарған спорт залда қарсы ала ма, жоқ па, әзірге белгісіз.

Лаура Бабас, Абзал Тұрабеков, «Алматы» телеарнасы, Шымкенттен

Оқи отырыңыз: Енді қазақстандықтар құқықтық кеңесті үйден шықпай-ақ ала алады