Кадр сыртындағы қарбалас: көрерменге беймәлім телеарна өмірі қандай

26.06.2026 21:13

28 маусым еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері кәсіби мерекесін атап өтеді

Осы жексенбі еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері кәсіби мерекесін атап өтеді.

Almaty.tv тілшісі мереке қарсаңында көрерменді экран сыртындағы қарбалас тіршілікпен таныстырады. 

Күн сайын көрермен назарына ұсынылатын түскі және кешкі жаңалықтар экраннан небәрі бірнеше минут көрінгенімен, оның артында тынымсыз еңбек пен командалық жұмыс жатыр. Таңнан кешке дейінгі бірнеше шақырым жол, сағаттарға жалғасатын түсірілім. Ақпаратты саралау, мәтін жазу, бейнематериалды монтаждау. Мұның бәрі бір ғана сюжеттің жарыққа шығуына негіз болады.

Жаңалықтың алғашқы қадамы дәл осы жерден басталады. Мұнда тілшілер күн тәртібіндегі өзекті тақырыптарды талқылап, ақпараттарды саралайды. Кейіпкерлермен келісіп, түсірілім бағытын айқындайды.

Кез келген жаңалықтың артында тұтас бір команда еңбек етеді.

Тілшімен бірге оқиғаның әр сәтін таспаға түсіретін операторлар жұмыс істесе, түсірілім тобының діттеген жеріне уақытылы жетуіне жүргізушілер жауап береді.

Түсірілім барысында тілшілер кейде шынайы ақпарат үшін қауіпке де қарамай жұмыс істейді. Экран алдында тілшілердің жұмысы әрдайым әдемі көрінуі мүмкін. Алайда көрермен тек соңғы нәтижені ғана көреді. Ал кадр сыртында тосын кедергілер мен әріптестердің әзілге толы сәттері қалады.

Түсірілім аяқталған соң жұмыс монтаж бөлмесінде жалғасады. Осы жерде бейнеинженерлер таспаланған кадрларды реттеп, мәтінмен үйлестіріп, эфирге дайын сюжет әзірлейді.

Ал «Алматы» телеарнасы тек жаңалықтар қызметімен шектелмейді. Мұнда түрлі шығармашылық және техникалық топ жұмыс істейді.

Олардың әрқайсысы көрерменге сапалы өнім ұсынуға үлесін қосып келеді. Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында ақпарат айдынында аянбай еңбек етіп жүрген барша әріптестерімізді кәсіби мерекесімен құттықтаймыз.

Мәди Мәлік. Хангелді Ахметханов

Оқи отырыңыз: Almaty TV журналистері қалалық байқауда бірнеше номинацияны бағындырды