Кадр тапшылығы: жұмыс берушілерден 89 мыңға жуық бос жұмыс орны ұсынылып отыр

25.06.2026 21:13

Маман жетіспеушілігі ең көп байқалатын өңірлердің қатарында Түркістан облысы көш бастап тұр

Елімізде еңбек нарығындағы негізгі мәселе - жұмыс орындарының жетіспеушілігі емес, маман тапшылығы. Қазір түрлі салада 3 миллионға жуық қызметкер жетіспейді. Әсіресе білім беруде кадр тапшылығы жылдан жылға күшейіп келеді. Бүгінде бұл салаға 400 мыңға жуық ұстаз қажет, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Ал маман жетіспеушілігі ең көп байқалатын өңірлердің қатарында Түркістан облысы көш бастап тұр. Ресми мәлімет бойынша, аймақта 16 мыңға жуық бос жұмыс орны бар. Сондай-ақ Алматы мен Астана қалаларында да кадр тапшылығы сезіледі. Аталған өңірлерде 6 мыңға жуық жұмыс орнына маман табылмай отыр.

«Елімізде жұмыс орны тапшылығы емес, керсінше кадрлардың тапшылығы байқалады. Бүгінгі таңда жұмыс берушілерден 89 мыңға жуық бос жұмыс орны бар. Ең жоғарғы сұраныс жалпы біліктілікті талап етпейтін салаларда. Яғни 19 мыңға жуық бос жұмыс орны бар. Сонымен қатар білім саласында 13 мың, құрылыс саласында 8 мың , сондай-ақ денсаулық сақтау саласында 7 мыңға жуық маман қажет», – деді ҚР ЕХӘҚМ Халықты жұмыспен қамту департаментінің бас сарапшысы Нысанбай Сисен.

Маман тапшылығын азайту мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бірқатар шараларды жүзеге асырып жатқанын мәлімдеді. Ведомство мәліметінше, жыл басынан бері 200 мыңнан аса адам жұмыспен қамтылған. Жұмысқа орналасқандардың 75 мыңнан астамы жастар, ал 81 мыңға жуығы әйелдер екен. Министрлік олардың басым бөлігі тұрақты жұмыс орындарына орналастырылғанын атап өтті.

«Жұмыспен орналасқан азаматтардың ішінде жұмыс берушілердегі бос жұмыс орындарына, яғни тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды. Яғни, 70 мыңға жуық азамат жұмыс тапты. Сонымен қатар субсидия алатын жұмыс орындарына, оның ішінде жастар практикасы, әлеуметтік жұмыс орындары  секілді бағдарламаларға 69 мыңға жуық азамат жұмысқа орналасты. Жеке бастамалар шеңберінде 2026 жылы жаңадан ашылған кәсіп орындарға 55 мыңға жуық азамат орналасты», – деді ҚР ЕХӘҚМ Халықты жұмыспен қамту департаментінің бас сарапшысы Нысанбай Сисен.

Оқи отыыңыз:  Даму» қоры Алматы кәсіпкерлеріне қандай қолдау көрсетуде