Елдімекендерге таза ауыз су желісін жүргізу үшін 6,2 млрд теңге бөлінген
Жамбыл облысында қайтарылған активтер есебінен бұрын сусыз отырған 15 ауылға тіршілік нәрі тартылып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Елдімекендерге таза ауыз су желісін жүргізу үшін 6,2 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражатқа су стансалары мен ауылішілік желілер бой көтермек. Солардың бірі –Жамбыл ауданындағы Өрнек ауылы. Мұндағы 2 мыңнан аса тұрғын талай жыл бойы таза судан тарығып келген. Енді станса құрылысы аяқталса, қазан айында қараша игілік көрмек.
«Бүгінде 343 елдімекен ауыз сумен қамтамасыз етілген. Енді қалған 20 ауылға су жүйесін жүргізу, төртеуіне кешенді блок модульдерін орнату қажет. Аталған жұмыстарды жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда”, – деді Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақов.
Айта кетейік, аймақта Президент тапсырмасына сәйкес, елдімекендерді ауыз сумен 100 пайызға қамту жоспары қарқынды жүріп жатыр. Бүгіннің өзінде өңірдегі ауылдар 98,1, ал қалалар 98 процентке тіршілік нәріне қол жеткізген.
Оқи отырыңыз: Қостанай облысында 20 жылдан бері жөндеу көрмеген жол жаңартылды