Құқық қорғау органдары қоғамдық тәртіпті бұзуға бағытталған кез келген әрекеттің дереу тоқтатылатынын ескертті
Алматы полициясы «Қайрат» ФК мен «Ақтөбе» ФК арасындағы матчта қауіпсіздік шараларын күшейтіп жатыр, — , деп хабарлайды Almaty.tv мегаполистің Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстандық клубтар арасындағы ойын 16 наурызда өтеді. Осы оқиғаға байланысты полиция стадионда және оған іргелес аумақтарда қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қосымша шаралар қабылдауда.
Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Айдын Қабдулдиновтың айтуынша, спорттық іс-шара кезіндегі тәртіп тұрақты бақылауда болады.
«Матч күні стадиондағы және оған жақын жерлердегі қауіпсіздік шаралары барынша күшейтіледі. Қосымша полиция күштері жұмылдырылып, матч өтетін аумақ толықтай тұрақты бақылауда болады», - деп атап өтті ведомство басшысы.
Сондай-ақ, ол жанкүйерлерді стадиондағы мінез-құлық ережелерін сақтауға шақырды.
«Футбол — бұл эмоция, қолдау және өз командаңа деген адалдық. Бірақ барлығына бірдей ортақ ереже бар: заң мен қоғамдық тәртіп кез келген эмоциядан жоғары тұрады», - деді Айдын Қабдулдинов.
Полиция қоғамдық тәртіпті бұзуға бағытталған кез келген әрекеттің дереу жолы кесілетінін еске салды.
«Агрессия, арандатушылық, балағат сөздер айту, бұзақылық әрекеттер, сондай-ақ тыйым салынған заттарды пайдалануға жол берілмейді. Полицияның әрекеті қатаң әрі жедел болады. Тәртіп бұзушылар анықталып, әрбір фактіге құқықтық баға беріледі», - деп түйіндеді Алматы полициясының басшысы.
Оқи отырыңыз: Алматыда 16-22 наурыз аралығында ауа райы қандай болады