Мегаполис – ел аумағы бойынша ең көп сайлаушылар тұратын аймақ
Алматыда 600-ден астам сайлау учаскесі өз жұмысын бастады. Әрбір азаматтың белсенді қатысуын қамтамасыз ету үшін бұл жолы жаңа платформа мен өзгерістер енгізіліп отыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Референдумға Алматы қаласында бір миллион екі жүз мыңнан астам адам қатыса алады. Мегаполис – ел аумағы бойынша ең көп сайлаушылар тұратын аймақ. Ал учаскелік және аумақтық комиссияда төрт мыңнан астам адам жұмыстарын бастады. Биыл жастардың қатысуын арттыру үшін цифрлық технологияларды қолдану мүмкіндігі қарастырылған.
“Аумақтық комиссияда жалпы 4258 адам жұмыс істейді. Бәрі арнайы дайындықтан, оқудан өтті. Бізге қойылған мақсат – халықтық дауыс беруі кезінде прпоцессті барынша жеңілдетіп, ақпарат беру”, - деді қалалық аумақтық комиссияның төрағасы Айгүл Қалықова.
Елде тіркеуде жоқ азаматтар да референдумда дауыс бере алады. Алматыда 40 учаскеде біркүндік тіркеу пункттері ұйымдастырылды. Сонымен қатар 172 дауыс беру орындарында өзін тізімнен таппаған азаматтарға тіркеу мәртебесін тексеру үшін арнайы қызметтер орнатылған. Ал егер тіркеуіңіз расталған болса, сіз автоматты түрде белгілі бір учаскенің тізіміне енгізілгенсіз. Ал денсаулығына байланысты немесе отбасының науқас мүшесіне күтім жасау себебімен сайлау учаскесіне келе алмайтын алматылықтар өтініш жіберу арқылы арнайы жәшікпен қызметкерлер өздері барып, тұрғылықты мекенжайы бойынша дауыс беруге мүмкіндік алып отыр.
“Үш арнайы сервис бар. Оның ішінде қала әкімдігінің арнайы “Open Almaty” сайты, телеграм-бот және арнайы QR-кодтар. Қазіргі ақпараттық заманда әрбір азаматтың қолында смартфон бар. Кез келген учаскеге келіп, сол жердегі QR-код арқылы ЖСН нөмірін жазып, қай учаскеде дауыс беретінін біле алады. Осындай түрлі сервисті пайдаланып отырмыз”, - деді Аумақтық референдум комиссиясының мүшесі Қазбек Майгелдинов.
Бүгін сайлау учаскелері таңғы сағат 7:00-де ашылып, кешкі 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Еліміздегі дауыс беру құқығына ие азаматтардың жартысынан көбі қатысқан жағдайда ғана референдум “өтті” деп саналады.
Әйкерім Пернебек, Адель Ақжаркенова, Мейрам Исабеков, Almaty TV арнасы
Оқи отырыңыз: Референдум: тұрғылықты тіркеуі жоқ қазақстандықтар қайда тіркеле алады