Алматының ботаникалық бағына жылына мыңдаған адам барады. Бұл аумақта елімізде және әлемнің түкпір-түкпірінде өсетін өсімдіктер топтастырылған.
Almaty.TV-дегі «Қала келбеті» бағдарламасының кезекті саны қаладағы жасыл бақтың қысқа дайындығына арналады.
Қазақстанда 6 ботаникалық бақ бар десек, оның көлемі жағынан үлкені – Алматыда орналасқан. Аумағы – 103 гектар. Қарапайым саябақтардан айырмашылығы бұл маң жіті қорғалады. Мамандар болса, ғылыми зерттеу жүргізеді. Қызығы сол, бақта өсімдіктің 4 мыңнан аса түрі бар. Оның 100-ге жуығы «Қазақстанның Қызыл» кітабына енген. Ал қазір ботаникалық бақтың бай флорасын қызметкерлер жылдың суық мезгіліне дайындап жатыр.
Ботаникалық бақта өсімдік түрлері қыста зақым алмауы үшін қорғалады. Мәселен, жаңадан егілген көшеттер мынадай қоршаумен қапталады. Металл ағаш діңгегін күнге күйдірмейді және кеміргіштерден сақтайды. Қар деңгейін есепке алғанда шамамен көпжылдық өсімдіктің 1 метрі осылай оралады.
«Күн қысқарып, түн ұзарған уақытта физиологиялық процесс бәсеңдейді. Өсімдік жапырағындағы қоректік заттар тамырға жіберіледі. Осылайша ағаш, бұталар суық мезгілге дайындалады. Ал күтімді қажет ететіндердің қатарында раушан гүлі бар. Мысалы қазан айының аяғына қарай, олардың өркені қыста қатып қалмауы үшін әрі келер жылы жайқалып өсуі үшін жерге жақын қоямыз», – деді Ботаника және фитоинтродукция институтының аға ғылыми қызметкері Инга Бабай.
Бақ аумағында зертханалар да орналасқан. Мекеме мамандары тыным таппай жұмыс істейді. Кейбірі күн суымай тұрып, өсімдік тұқымын жинап, тазалап, екі топқа бөледі. Ұзақ мерзімге сақталатынын -18, ал қысқа мерзімдісін 0 мен +4 градус аралығындағы қоймаларға қояды. Бұл өсімдік түрлерінің жойылып кетуіне жол бермеу үшін жасалып жатқан маңызды қадам.
«Қысқа мерзімді коллекция дегеніміз, тұқымдарды 10 жылдан кейін немесе 2-3 жылдан кейін алып, тұқымдардың өміршеңдігін қайталап, яғни, мониторингін жасап, тексеріп тұрамыз. Тиімді ме сақтауға тиімсіз бе? Қысқа мерзімді сақталатын тұқымдардың үлгісі бар. Оған көп жағдайда армениака вулгарис, амигдалус нана, пистакия вера, радиола резе деген сиқяты тұқымдардың үлгісі жатады», – деді зертхана қызметкері Әйгерім Елубаева.
Қазақстанда жоғары сатыдағы өсімдіктің 6 мың түрі бар. Оның 1100-інің тұқымы осы зертханада сақтаулы тұр. Ұмытпаған жөн, институтта 215 қызметкер еңбектенеді. Олар әлемнің 50-ге жуық еліндегі ботаникалық бақпен бірлесе жобалар әзірлейді.
«Бақ жаңғыртылғаннан кейін тұрғындардың қызығушылығы артты. Қазір айналадағы әсем көріністі көру үшін күніне шамамен 3 мың адам келеді. Демалыста көрсеткіш 7 мыңға дейін жетіп жатады. Ал былтыр 600 мыңнан аса адам бақты аралап шықты», – деді Ботаника және фитоинтродукция институтының бас директоры Гүлнәр Сейітбаева.
Ботаникалық бақ – табиғатпен сырласатын, жанды тазартатын ерекше мекен. Әрі қоршаған ортаны қорғаудың үлгісін көрсететін орын. Ал Алматының тынысын ашып, ажарын келтіріп тұрған аумақты аялап ұстау, өсімдіктерді күтіп-баптап жүрген жандардың еңбегін бағалау – ортақ міндет.
Рүстем Айткәрім, Әлішер Ерғалиұлы
Оқи отырыңыз: Қала келбеті: Алматыдағы зауыт пластик қалдықты асфальтқа қажетті қоспаға айналдырады