Қаланың әрбір жапырағын біледі: биыл академик Абай Оразұлы 80 жасқа толды

20.08.2025 17:17

Ол - ауыл шаруашылығы ғылымының абыройлы тұлғасы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі

Бар өмірін табиғатпен үндестіріп, өсімдік қорғау саласына арнаған академик, профессор Абай Оразұлы биыл 80 жасқа толды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Абай Сағитовтың арқасында елімізде өнімділікті екі есеге арттырған тұқым өңдеудің инновациялық әдістері, зиянкестермен күресудің биологиялық тәсілдері және қоршаған ортаны қорғау жобалары іске асты. Ол – Қазақстанда органикалық өнім өндірудің ғылыми негізін қалаған алғашқы ғалымдардың бірі де бірегейі.

«Қаланың әрбір жапырағын біледі. Бір жапырақ сарғайып бара жатса, неге сарғайып бара жатыр? Оған не кедергі болды, оған қандай күн түсіп тұр? Өтіп кетпей, өсімдікпен тікелей сөйлесіп, оның жайқалып өсуіне үлкен септігін тигізетін. Сондай адамды көрдім», – деді «Алматыбасжоспар» ҒЗИ оқыту бөлімінің жетекшісі Айсұлу Сәрсекеева.

Семей өңірінен шыққан ғалым өмірін өсімдік қорғау саласына арнап, Қазақ өсімдік қорғау ғылыми-зерттеу институты мен аграрлық жоғары оқу орындарын басқарған. Жаңа технологияларды енгізу арқылы еліміздің ауыл шаруашылығының дамуына елеулі үлес қосқан. Куба, АҚШ, Қытай секілді елдерде тәжірибе жинақтап, халықаралық зерттеулер жүргізіп, ғылыми қызметінде 700-ден астам еңбек жариялаған. Ондаған ғылым кандидаты мен докторын дайындады. Әріптестеріне ақылшы, жанашыр, дос та бола білген.

«Өте керемет, қарапайым адам. Өте ақылды. Эколог, биолог маман ғой, көп нәрсені үйрендік. Біз ойлаймыз Қазақстан бойынша жастар ол кісіні танып білсе нұр ұстіне нұр болар еді», – деді «Байтақ» жасылдар партиясы қалалық филиалының төрағасы Жұмабек Бастаубаев.

«Кез келген адамды қандай екенін бір сөйлегеннен-ақ таниды. Ол қатал емес, бірақ мінезі жұмсақ та деп айта алмайсың. Философ сияқты өзін ғана емес, халықты ойлайды», – деді «Байтақ» жасылдар партиясы төрағасының орынбасары Ерлан Қыдырбаев.

Абай Сағитовтың еңбегі мемлекеттік және халықаралық деңгейде жоғары бағаланып, ол үшін ғалым түрлі ордендермен де марапатталған.

«Фермерлерпдің жұмысына қатысты қазақ және орыс тілінде кітаптар шығардым. Өте бақытты адаммын. Көмек сұраған жанға қолымнан келеді, жасаймын. Істейміз, қаланы көгертеміз, онсыз болмайды», – деді биология ғылымдарының докторы, профессор Абай Сағитов.

Еңбек адамы үшін ең бастысы – отбасы. Ол –  асқар тау әке, қамқоршы ата. Балалары мен немерелері әртүрлі елдерде тұрып, кәсіби және спорттық жетістіктерге жетіп жүр. Арасында шахмат чемпионы, халықаралық деңгейде танылған жас мамандар да бар. Ел дамуына өлшеусіз үлес қосқан азаматтың бүгінгі мерейтойы – оның ғана емес, ұрпақтары мен елінің қуанышы. Абай Оразұлы адами қасиеті мен маңдай тер еңбегі – кейінгі ұрпаққа үлгі.

Диана Тұрлыбек, Медет Саматұлы

Оқи отырыңыз: Алматыда студенттерге арналған дағдарыс орталығы ашылды