Камера арқылы тіркеледі: полиция Алматы тұрғындарына үндеу жасады

01.08.2025 15:22

Қалада "Таза Қазақстан" науқаны аясындағы шаралар жалғасып жатыр

polisia.kz

Полиция "Таза Қазақстан" науқаны аясында алматылық тұрғындарға үндеу жолдады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Алматы қаласында "Таза Қазақстан" науқаны аясындағы шаралар жалғасуда. Бұл бастама қала тұрғындарының жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.

Алматы қалалық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Серік Шумаевтың айтуынша, күн сайын бейнебақылау камералары арқылы қаланы ластау деректері тіркеліп отырады.

— Өкінішке қарай, кейбір азаматтар қоқысты жәшікке тастауға ерініп, айналасына лақтырып жатады. Көліктен қоқыс шашып, көшеде түкіріп, қоғамдық орындарды, ғимараттардың қасбеттерін және балалар алаңдарын бүлдіретін жайттар жиі кездеседі. Бұл — тек тұрмыстық салақтық емес, бұл — заңбұзушылық әрі қоғамдық мәдениет пен қоршаған ортаға деген құрметтің жоқтығы, — деді ол.

Серік Шумаев Ішкі істер министрлігі 2025 жылды "Профилактика жылы" деп жариялағанын атап өтіп, әрбір көше мен аулада тәртіп пен заңдылықты сақтау маңызды міндет екенін еске салды.

 — Біз бәріміз де қауіпсіз әрі таза қоғамда өмір сүргіміз келеді. Алайда мұндай орта әр азаматтың жеке жауапкершілігінсіз қалыптаспайды. Тазалықты бұзу — тек әкімшілік құқықбұзушылық қана емес, ол Алматы қаласының көркі мен абыройына нұқсан келтіреді. Өз-өзіңізді сыйлаңыз — қалаңызды да құрметтеңіз. Қоқысты бейберекет тастамаңыз, көшеде түкірмеңіз. Егер біреудің қоғамдық тәртіпті бұзып жатқанын көрсеңіз, бейжай қарамаңыз: ескерту жасаңыз немесе тиісті қызметтерге хабарлаңыз, — деді Серік Шумаев.

Оқи отырыңыз: Ата-анасы жазаланды: Павлодар облысында балаға футбол қақпасы құлады