Орталық стадионда концертке соңғы дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр
Әлемге әйгілі рэпер Канье Уэст Қазақстанға келді. Бүгін ол Алматыдағы Орталық стадионда концерт береді, деп хабарлайды Almaty.tv
Танымал жұлдыздың кешіне орай қалада бірқатар көшеде көлік қозғалысы уақытша шектеліп, қоғамдық көліктердің бағыты өзгереді. Бұдан бөлек, полиция қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істейді.
Орталық стадионда концертке соңғы дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгін мұнда 40 мыңға жуық көрермен келеді деп жоспарланған. Олардың стадионға кіріп-шығуын жеңілдету үшін нысанның үш жағынан 40 кіреберіс ұйымдастырылған. Ал билеттерді тексеру сағат 16:00-де басталады.
Концертке байланысты қаладағы жол қозғалысына да бірқатар өзгеріс енгізілді. Атап айтқанда, Абай даңғылы, Сәтбаев және Байтұрсынов көшелерінің жекелеген бөліктері уақытша жабылады. Осыған байланысты 32 қоғамдық көлік бағытының қозғалысы өзгереді. Сондықтан концертке жеке көлікпен келетіндер ғана емес, осы аумақ арқылы өтетін жүргізушілер де балама бағытты алдын ала қарастырғаны жөн.
Жолдағы уақытша шектеулер түнгі сағат 00:00-ге дейін жалғасады. Ал қоғамдық тәртіп мәселесіне келсек, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін полиция қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істейді. Концерт аяқталған соң көрермендердің үйлеріне қайтуына да жағдай жасалады. Қоғамдық көлік жұмысы ұйымдастырылып, қосымша шаттлдар іске қосылады. Сахна сыртындағы дайындық та қызу жүріп жатыр. Әртістің командасы үшін мұнда 17 шатыр тігіліп, Канье Уэст пен оның отбасы үшін сегіз бөлек дайындық бөлмесі дайындалған. Музыкант Алматыға отбасымен бірге келген. Оның командасында жалпы жүзден астам адам бар.
Оқи отырыңыз: Үй жануарларын ұстау ережелері өзгерді