Қандаланың таралуына не әсер етеді

14.07.2025 21:15

Көктемнің салқын күндері артта қалып, жаздың аптап ыстығы басталысымен Алматыда қандала көбейіп, тұрғындардың мазасын қашыра бастады. Мамандар мұны ауа температурасының күрт жоғарылауымен байланыстырып отыр. Олардың айтуынша, қандалалардың белсенділігі әсіресе санитарлық талаптар сақталмаған, лас ортада күшейе түседі. Десе де шаһарда биологиялық өңдеу жұмыстарының үшінші кезеңі жалғасып жатыр. Бұл зиянкестердің таралуына не әсер етеді? Тұрғындар үйін жәндіктерден қорғау үшін қандай амалдар жасай алады? Осы және өзге де сұрақтарға «Алматы» телеарнасының студия қонағы Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми зерттеу институтының бөлім меңгерушісі Нұржан Мұхамадиев жауап береді.

 – Нұржан мырза, қандаланың жаппай таралуына ықпал ететін негізгі факторлар қандай және бұл құбылыс қандай жағдайда күшейе түседі?

«Қарағаш қандаласы маусым айында көбейіп кетті. Бұның себебі мамыр айында жауын жауып, маусымда күн күрт ысып, температура көтеріліп, қолайлы жағдай туындайды. Табиғаттың әсері бар,  ал жеке тұрғындардың ауласына келсек, лас ортада көбейіп, өршіп жатқан жерлер байқалады».

– Бүгінде қалада қандаланың жаппай таралуына қарсы қандай жүйелі және кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр?

«Әрине, 4 кезеңге негізделген биологиялық өңдеуден тұрады. Аулалар биологиялық препараттармен өңделеді. Бұл Open Almaty арқылы, қала әкімшілігіне, экология басқармасына өтінімдер түседі. Мамандар соған сәйкес,  аулаларды және өтініш түскен мекен-жайларға барып, өңдеу жұмыстарын жасайды. Қоршаған ортаға рұқсат етілген, ауыл шаруашылық министрлігімен бекітілген тізімге сәйкес биологиялық препараттар қолданылады. Бүркеу жұмыстары сәуір айынан басталды. Қазіргі таңда екінші кезең аяқталып, үшінші кезең өңдеу жұмыстары жалғасуда. Сағат 22:00-ден сағат 05:00-ге дейін бүркеу жұмыстары жүргізеді. Неге? Өйткені сол уақытта зиянкестер де, қандала да жапырақта қозғалмай отырады».

– Тұрғындар үйін қандаладан қорғау үшін қандай амалдар жасай алады?

«Әрине, ол әртүрлі. Эвкалипт, үй шаруашылықта қолданылатын түрлі шырын майы, самырсын майын терезелерге жағып, қорғау сеткаларын қолданып, ауласын таза ұстауы керек. Шөптерді дұрыс орып тұру керек, мына қураған ағаштардың бұтақтарын тез кесіп тұру керек. Өйткені бұл қураған ағаштар, бұталар және шөптер қандаланың негізгі шоғырланатын жері болып табылады».

Оқи отырыңыз: Балқашта жаңа қоқыс полигонының құрылысы басталды