Қаныш Сәтбаев-125: Ұлытауда республикалық олимпиада өтіп жатыр

30.10.2024 13:40

Білім жарысына елдің әр өңірінен 80-ге жуық оқушы қатысып жатыр

Ұлытауда Қаныш Сәтбаев атындағы республикалық олимпиада өтіп жатыр. Білім жарысына елдің әр өңірінен 80-ге жуық оқушы келген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Республикалық дода Оқу-ағарту министрлігі мен "Дарын" республикалық ғылыми-практикалық орталығының сондай-ақ Қазақмыс корпорациясы және "The Ulytau Educational Foundation" қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен өтуде.

Бұл олимпиада Қаныш Сәтпаевтың 125 жылдығына арналған. Жетінші мәрте өткізіліп жатқан пән сынағынан әр өңірден келген 23 команда білімін саралап жатыр. Солардың бірі – болашақта ғалым болуды армандайтын ұлытаулық Нұрәділ Ержанұлы. Ол үшін әрине үздіксіз білім қажет деген талапкер «олимпиадалардың маңызы зор» дейді.

"Олимпиада бір жағынан логиканы жақсартады, жаңа әдістерді қолданасың, екінші жағынан келешекте өмірім химиямен байланысты болады. Профессиям жұмысым. Мен мамандандырылған мектепте оқығандықтан 7 сыныптан дайындайды. Бес жыл бойы дайындалып, 3 жыл қатарынан олимпиадаға қатысып жатырмын. Теориялық сабақ пайдалы ал тәжірибе жүзінде көрген жақсы", – деді №3 "Білім инновация" лицей-интернатының оқушысы Нұрәділ Жеңіс.

Олимпиаданың ашылуына облыс әкімі Дастан Рыспеков, ҚР Президентінің ғылым және инновациялар мәселелері жөніндегі кеңесшісі, ғалым Күнсулу Закария және Қазақстандағы Канада елшілігінің кеңесшісі Эдуард Уат қатысты. Олар ізденімпаз жас ғалымдарға сәттілік тіледі. Олимпиаданың негізгі мақсаты – дарынды балаларды қолдау. Біздің оқушылардың халықаралық аренадағы аяқ алысы жаман емес. Олар түрлі сайыстарда соңғы үш жыл қатарынан алтын иеленіп жүр.

"Бұл олимпиада 2017 жылы басталды. Алайды ковид кезінде және облыстарды бөлгенде 2020-2021 жылдары тоқтап қалды. Өткен жылдан бастап Ұлытау қоры қаржылық қолдау жасап, жалғасып келеді. Бұл олимпиаданың маңызы өте зор.  Мақсаты – дарынды талантты балаларды танып білу, оларға қолдау жасау келешекте елдің намысын қорғайтын олимпиада жеңімпаздарын тәрбиелеп шығу", – деді  "Дарын" республикалық ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары Нұрлан Жұмакелді.

Білім додасы аясында облыс мектептерінің оқушылары мен жас ғалымдары көрме ұйымдастырып, тәжірибесін бөлісті.

Айта кетейік, республикалық олимпиада 1 қарашаға дейін жалғасады. Жеңімпазға Гран-при жүлдесі беріледі. Оны "Қазақмыс" корпорациясы тағайындаған. Үздік команда мақтау қағазы мен Канада елшілігінің арнайы кубогына ие болады.

Алтынгүл Төлегенова, Наргиз Жанабекова, Ұлытау облысы

Оқи отырыңыз: Қазақ тілінде мультфильмдер жасауға 350 млн теңге бөлінеді