Айыпталушы тағылған айыппен келіспей, эмоцияға беріліп, сот залынан шығып кетті
"Мойындамаймын, мен ешкімнің өліміне кінәлі емеспін". Алматыда науқастар мен жалғызбасты жандардың мүлігін иемдену үшін ұрлық, алаяқтық, кісі өлтіру баптарымен айыпталып жатқан 22 адамға қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. 37 қылмыстық эпизодтан тұратын істе басты күдіктілердің біріне сөз берілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қаланың қылмыстық істерді қарайтын мамандандырылған ауданаралық сотында дүйім жұрттың жағасын ұстатқан "қара риэлторларға" қатысты кезекті отырыс өтті. Алдымен жәбірленушілердің куәгерлері шақырылып, қос тараптың қорғаушылары сұрақ қоюға мүмкіндік алды. Даулы істе 4-тен аса қылмыстық баппен айыпталып, бірнеше эпизодқа қатысы бар айыпталушының біріне сөз берілді. Ирина Гаппарова өзінің жалғыз тұрған туысын өлтіріп, 2 бірдей үйін иемденіп, басқа да қылмыстық істерді ұйымдастырды деген күдікке ілініп отыр. Бірақ сотталушы бұл пәтерлерді мүлік иесінің тірісінде оған өзі жазып бергенін алға тартып, кінәсін мойындамады.
Ал отбасының жақындары «марқұм Эмма Долгова өзінің қаладағы 2 пәтерін баласы мен немересіне қалдырмақ болған» дейді. Бірақ соңғы жылы қатты сырқаттанып, бар жиғаны-тергенін туысы болып келетін айыпталушы Гаппароваға аударып берген. Немересі "апасын күдіктілер өлтірді" дегенді алға тартты. Марқұм көз жұмған түні сотталушы Гаппарова жедел жәрдемнің орнына бірден жерлеумен айналысатын компанияны шақырған. Немересінің айтуынша, экспертиза әйелдің зорлық көріп, тұншығып қайтыс болғанын дәлелдеді.
"Ол әйел 7 жылдан кейін пайда болып, апамды жағалай бастады. Сол келгелі әжем жиі сырқаттанатын болды. Тіпті сөйлей алмай қалды. Мен екінші апамның үйінде тұратынмын, бірақ бұл үйге келген сайын Гаппарова мені жақтырмай, кіргізбеуге тырысатын. Апамды ауруханаға жатқызуға кедергі болды. Ақыр соңы оны тұншықтырып өлтірді, көкемді де сол өлтірді. Экспертиза бәрін анықтады", – деді жәбірленуші Элеонора Долгова.
"Сараптама зорлықпен көз жұмды деп көрсетті. Мен бұл істі бастағанда Элеонора әлі кәмелетке толмаған. Айыпталушы марқұмның дертін пайдаланып, барлық құжаққа өзі қол қойып, араласқан. Басында біздің істі қарамай келген, кейіннен бұл үлкен бір қылмыстық топтың ісі және бәрі бір-бірімен байланыста екені анықталды"– деді жәбірленуші тараптың қорғаушысы Оксана Буряк.
Еске сала кетейік, жалғызбасты және психикалық ауытқулары бар адамдардың жылжымайтын мүлкін заңсыз иеленіп, оны арзан бағада сатып келген бір топ азаматқа қатысты іс 2022 жылдан бері жүргізіліп жатыр.
Әйкерім Пернебек, Жақсылық Тілепберген
Оқи отырыңыз: Алматы облысы прокурорының орынбасары мен Талғар ауданының прокуроры қызметінен босатылды