Қара тізім: 3 миллионнан астам смартфон сәйкестендірілді

20.05.2025 16:46

25-наурызға дейін әкелінген немесе қолданылып жүрген смартфондарды сәйкестендірудің қажеті жоқ

Елімізде сатылатын смартфондардың шамамен 75 пайызы көлеңкелі бизнес, ал төленбеген салық төлемдері шамамен 70-80 млрд теңгеге жеткен. Ал абоненттік құрылғыларды верификациялау заңсыз айналымның көзін жоймақ. Бұл туралы Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Дамир Сейсембеков мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Сонымен қатар төраға мобильді құрылғыларды сәйкестендіру жобасының алғашқы кезеңін қорытындылады. Оның айтуынша, соңғы екі айда 3 миллионнан астам құрылғы сәйкестендірілген.

«Сәйкестендіруді енгізу туралы бұйрыққа енгізілген өзгерістер күшіне енген сәттен бастап 3 миллионнан астам құрылғы верификацияланды. Бүгінде порталда 4 771 пайдаланушы тіркелген. Сәйкестендіру қазірдің өзінде 4 млнға жуықтады. Портал жұмыс істеп тұр, жүктемені көтере алады», – деді ҚР ЦДИАӨМ Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Дамир Сейсембеков.

Айта кетейік, 25-наурызға дейін әкелінген немесе қолданылып жүрген смартфондарды сәйкестендірудің қажеті жоқ. Олар верификацияланған телефондар деп саналып, автоматты түрде «ақ» тізімге енгізілді.  Ал бұйрық күшіне енген уақыттан кейін сатып алған жандар міндетті түрде сәйкестендіруден өтуі тиіс. Бұл ретте импорттаушылар  үшін жаңа телефондарды тіркеу уақыты өзгеріссіз қалады, ал жеке тұлғалар үшін мерзім ұзартылған.

Оқи отырыңыз: Оқушы қызбен қонақүйге барған күдікті мектепте жұмыс істемеген