Аймақта орман қорын ұлғайту жұмыстары жүйелі жүріп жатыр
Қарағанды облысында экологиялық мәселені шешу үшін жоспарға сәйкес 116 гектар алқапқа 336 мың түп ағаш егілмек. Аймақта орман қорын ұлғайту жұмыстары жүйелі жүріп жатыр. Алайда табиғат жанашырлары кеншілер шаһарында егілген ағаштардың күтімі көңіл көншітпейтінін айтады. Себебі өзге өңірлерден әкелінген көшеттер жерсінбейтін көрінеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Табиғат жанашырлары Қарағанды қаласындағы жасыл көшеттердің жағдайы мәз емес деп дабыл қағып отыр. Себебі мердігерлер аймақтың климатына бейімделген ағаштарды әкелмейді екен. Оның үстіне өңірде көшеттерді өсіретін тұқымбақ жоқ. Эколог осындай олқылықтың салдарынан талдар тамыр жаймай, ауырып жатыр дейді.
«Былтыр, мысалы, әуежай жаққа баратын тасжолда 1000 түп терек егілді. Соның 15 пайызы ғана тамырланды. Мың жас көшеттің 150 түбі ғана тамырланды. Осындай өкіншті жағдайлар өте көп. Осы мәселені біраз уақыттан бері көтеріп жатырмыз. Егілген ағашқа міндетті түрде күтім болу керек. Күтім болмағанның салдарынан ағаштар қурап қалып жатыр», - деді эколог Сәкен Келдібаев.
Дегенмен күрделі мәселені шешудің бірден-бір жолы - ағаштардың басқа түрлерін көптеп отырғызу. Осы орайда өңір орманшылары күзгі ағаш егу науқанына кірісіп кеткен. Бұл іске Қарағанды, Қу және Ақтоғай орман шаруашылықтарының қызметкерлері жұмылдырылыпты. Алқаптар қарағай, үйеңкі және қарағаш секілді ағаштармен толықты.
«Біз ағаш егу жұмысын тек мемлекеттік орман қоры аумағында жүргіземіз. Алдымен ашық алқаптарды, ағаштары көп зақымданған жерлерді анықтап аламыз. Мақсат - орман алқаптарын қалпына келтіру және ұлғайту. Бұл экологиялық жағдайды жақсарту үшін маңызды», - деді орманды қалпына келтіру инженері Эдуард Крюков.
Жалпы аймақта 21 мың гектар жер зерттеліп, небәрі 2800 гектар алқап ағаш егуге жарамды екені анықталған. Жасыл белдеулер осы учаскелерде құрылады. Өңірде жасыл желекті көбейту бойынша 2027 жылға дейін кешенді жоспар жасалған. Биыл облыстағы орман алқаптары 439 гектарға ұлғайтылыпты.
«Жылда кемі 300 гектарға ағаш егіледі Қарағанды орман шаруашылығында. Бұл - қаланың маңайын көгалдандыру, орманмен молықтыру бағытындағы негізгі міндетіміз», - деді Қарағанды орман шаруашылығының бас орманшысы Дулат Жұмабек.
Соңғы екі жылда облыстық бюджеттен 1 миллиард теңге бөлініп, орман шаруашылығына көліктер мен тракторлар сатып алынған. Ал келесі жылы заманауи тұқымбақ салу жоспарланып отыр. Мемлекет басшысы елімізде екі миллиард ағаш егу жөнінде тапсырма берген еді. Осы орайда өңір бойынша алдағы бірнеше жылда шамамен 7 миллион көшет егілмек.
Жанбота Рахметуллаұлы, Құралай Рысбекқызы, «Алматы» телеарнасы үшін Қарағанды облысынан
Оқи отырыңыз: Сыр өңірінде ежелгі дәуірде тіршілік еткен алып мақұлықтың сүйегі табылды