Қарағанды облысында шаруалар қой жүнін өртеп жіберуге мәжбүр

30.10.2024 15:38

Жергілікті билік жүнді өткізу мен өңдеу ісін дамыту үшін инвестиция тартуды қолға алған

 

Қарағанды облысында жыл сайын 1 миллион тоннадан астам табиғи таза шикізат өндіріледі. Алайда сұраныстың жоқтығынан олар қоймалар мен қоралардың маңайында шашылып, шіріп жатыр. Ал мезі болған шаруалар қой жүнін өртеп жіберуге мәжбүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қой шаруашылығындағы түйіні тарқатылмай келе жатқан түйткіл – жүнді кәдеге жарату. Қожалық иелері шикізатты жылда бас пайдасы мен бақай есебін көздейтін делдалдарға жалынып жүріп арзан бағаға өткізетіні жасырын емес. Бірақ биыл ол да жоқ. Қожалық иесі Қанат Отарбаев 1999 жылы Нұра ауданының Изенді ауылында асыл тұқымды қой шаруашылығын ашқан. Бүгінде оның отарында 10 мыңға жуық биязы жүнді қой бар. Жартылай қылшықты қой жүні – кілем, тоқыма өнеркәсібіне таптырмас шикізат. Дегенмен сұраныстың жоқтығынан қоймада 15 тонна жүн сақталып тұр.

"Қойдың негізгі өнімдерінің бірі – жүн. Қазір сұраныс жоқ. Жабағы жүн, көктемгі қырқылған, осы күнге дейін сұраушысы жоқ, алушысы жоқ. Іздеп те жатырмыз. Бұл – өте сапалы жүн. Бұрын кілем, костюм-шалбар, тоқыма өнімдерін тоқитын", – деді шаруа қожалығының басшысы Қанат Отарбаев.

Ал жүнді құрғақ қоймада сақтамаса ылғал тартып, артынша сапасын жоғалтады. Қожалық иесі сұраныс болмаған соң, оны сақтау да еш қисынға келмейтінін айтты. Түрлі ауру тарамас үшін шаруалар тонналаған шикізатты жағып жіберуге мәжбүр.

"Жүнді тоқыма өнеркәсібінде пайдаланады. Жеңіл өнеркәсіпті дамыту керек. Құрылыс саласында жылыту панельдеріне пайдалады деп естідім. Пенапластан жасап жатыр, жүнді қолға алса, таптырмайтын материал", – деді шаруа қожалығының басшысы Қанат Отарбаев.

Ал Қарағанды облысының билігі жүнді өткізу мен өңдеу ісін дамыту үшін инвестиция тартуды қолға алған. Әзірге келіссөздер жүріп жатыр.

"Жүн өңдеуді қолға алу үшін жан-жақты инвесторды қарастырып жатырмыз. Мүмкін арзандатылған несие берерміз. Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы немесе басқа да қажеттілік, инженерлік-инфрақұрылым қажет болатын болса, оның барлығына көмектесуге дайынбыз", – деді облыс әкімінің ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары Бауыржан Асанов.

Биыл облыста 1 миллион тоннадан астам жүн өндірілген. Былтырмен салыстырғанда  2 пайызға артық. Шикізат көлемі көбейгенімен, оны кәдеге жарату жағы кенжелеп тұр.

Жанбота Бейсембайұлы, Қарағанды облысынан

Оқи отырыңыз: Малы жоқ, бірақ мемлекеттен субсидия алған күдікті ұсталды