Қарағанды облысында жолды тазаламаған жауапты мекемелерге айыппұл салынды

08.01.2025 20:01

Жауапты мекемелерге 315 мың теңге айыппұл төлейді

Қарағанды облысында полицейлер жолды қар мен мұздан тазаламаған жауапты мекемелерге 315 мың теңге айыппұл салды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Хаттама «ҚазАвтоЖол» мен төрт мердігер компанияға жолданған.

Айта кетейік, былтыр да қар күремегені үшін аталған мекемелер 25 миллион теңге айыппұл арқалаған.

"Бір апта ішінде қызметкерлер жолдың 30 бөлігінде тексеру жүргізді. 14 ескерту құжаты жасалды. Сонымен қатар жолдың тазаланбауына байланысты 7 хаттама толтырылып, 315 мың теңгеге айыппұл салынды", – деді Полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бөлім бастығы Ерлан Әубәкіров.

Қоса кетейік, биыл облыстағы трассалар 6 рет жабылды. 3 қаңтарда «Қарағанды – Астана» тас жолында мыңнан аса көлік кептеліске түскен. Тәртіп сақшылары оларға бағыт беріп, азаматтарды Ақмола облысының аумағына дейін жеткізген. Артынша жол полицейлері жолдың жағдайын бақылаған. Тексеру нәтижесінде қар мен мұз басқан бөліктердің тазартылмағаны анықталды. Ал бұл міндет тікелей жоғарыда аталған компанияларға жүктелген.

Оқи отырыңыз: Алматыда қар шығару жұмыстары қалай жүріп жатыр