Қарағанды облысының археологтары сақ дәуіріне жататын жауынгердің қабірін тапты

Құнды олжаның оң қолында 30 сантиметр болатын қос жүзді тұтас құйылған қола семсер болған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қарағанды облысының археологтары Ақтоғай ауданындағы Қарабие қорымынан ерте сақ дәуіріне жататын, шамамен 2,5 мың жыл бұрын жерленген жауынгердің қабірін тапты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Зерттеушілердің айтуынша, қорған дөңгелек пішінді болып, үсті ірі сопақ тастармен жабылған. Қазба жұмыстары кезінде археологтар басы солтүстік-батысқа қараған ер адамның сүйегін анықтаған. Құнды олжаның оң қолында 30 сантиметр болатын қос жүзді тұтас құйылған қола семсер болыпты. Қару жыртқыш құстар бейнесімен өрнектелген.

«Қорғанның үстіңгі қабатын алғаннан кейін тас тақталардан жасалған жабын шықты. Бұл ежелгі тонаушылар тиіспеген, бүтін күйінде сақталған жерлеу орнын көрсететін алғашқы белгі болды. Біз қаза келе адам қаңқасын толық анатомиялық қалпында таптық. Тіпті оның оң қолының алақанында қысқа семсер қысып жатқанын көрдік», – деді облыстық Тарихи-өлкетану музейінің археология және этнография бөлімінің меңгерушісі Дәурен Жүсіпов

Бірегей семсерден өзге, археологтар бес металл жебе ұшы мен алтын сырға тапқан. Мамандардың айтуынша, бұл әшекейлердің көркемдік өрнегі Талды-2 қорымындағы әйгілі «Алтын адам» бұйымдарымен үндес келеді. Ал жерлеу орны біздің дәуірімізге дейінгі VII-VI ғасырларға тиесілі деп болжам айтылды. Ғалымдар табылған барлық жәдігерді зертханалық сараптамаға жөнелтті. Алдын ала зерттеу нәтижелері келер жылдың қыс айларында жарияланады.

Оқи отырыңыз: Заң мен тәртіп: Алматыда 1000-нан астам азамат мамандардан кеңес алды

Новости партнеров