Қарағандыда сатушыны айуандықпен өлтірген ер адамға сот үкімі шықты

02.05.2025 19:58

Сондай-ақ сотталушыдан 20 миллион теңге көлемінде моральдық залал өндірілді

Аlmaty.tv

Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты дүкеншіні асқан қатыгездікпен өлтірген ер адамға қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Аlmaty.tv соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сотта анықталғандай, қылмыстық оқиға 2025 жылдың 22 қаңтарында шамамен сағат 07.40-та болған.

«И. есімді ер адам ашық түрде ақша ұрлау мақсатымен Саран қаласының Юность көшесінде орналасқан «Береке» шағын-маркетіне келіп, дүкенде басқа сатып алушылардың жоқтығына көз жеткізген. Содан соң сатушы үстелінің артында тұрған Т. есімді әйелден темекі сұраған. Содан кейін ақшасын ұмытып кеткендей болып шыға беріске қарай бет алған. Бірақ И. шағын-маркеттің сыртқы есігін жауып, қайта ішке кірген. Оң қолында аңшылық пышақпен сатушы үстеліне қарай бет алып, үстелдің артына өтуге әрекеттенген. Осы кезде сатушы әйел ер адамның әрекетін көріп, оны итеріп белсенді қарсылық көрсете бастаған.

Өз кезегінде И. өз ниетін соңына дейін жеткізу мақсатында Т.-ның кеудесі мен іш жағына пышақпен соққылар жасаған. Жәбірленушінің қарсылығын басқаннан кейін, И. сатушы үстелінің арт жағына өтіп, кассалық аппараттан 180 000 теңге көлемінде ақша жымқырып, қылмыс орнынан бой тасалап кеткен. Т. пышақ жарақаттарынан оқиға орнында қайтыс болған», - делінген сот хабарламасында.

Сотталушының кінәсі оны таныған куәлардың айғақтарымен, шағын-маркет бейнебақылау камераларынан алынған бейнежазбалармен, сараптама қорытындылары және басқа да іс материалдарымен дәлелденді.

Тақырыпқа орай: Саран қаласында пышақ ұстаған адам дүкен сатушысына шабуыл жасады

Прокурор И-ды тағылған айыптың барлық баптары бойынша кінәлі деп танып, оған түпкілікті 24 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Жәбірленуші тарап сотталушыны барынша қатаң жазалауды сұрады.

«Соттың үкімімен И. айыптаудың барлық баптары бойынша кінәлі деп танылып, оған түпкілікті 23 жылға бас бостандығынан айыру және жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтеу тағайындалды. Сондай-ақ жәбірленуші тараптың азаматтық талаптары ішінара қанағаттандырылып, сотталушыдан 180 000 теңге көлемінде материалдық және 20 миллион теңге көлемінде моральдық залал өндірілді», - делінген сот хабарламасында.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Оқи отырыңыз: Жалға алушы көз жұмған: Шымкентте пәтер иесі жазаға тартылды