Карантин жарияланған ауылдардан малды сыртқа шығаруға уақытша тыйым салынды
Атырау облысында ірі қара мал арасында қауіпті жұқпалы ауру тарап, бірнеше ауылда карантин жарияланды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Індет сиыр, жылқыға қырғидай тиіп жатыр. Арнайы сынама алған мамандар төрт түлікті жапырып жатқан «инфекциялық ринотрахеит» екенін анықтаған. Ал шаруалар дабыл қағып, әкімдіктен көмек сұрап отыр.
Жағдай Құрманғазы ауданына қарасты Дыңғызыл, Бөкейхан, Еңбекші ауылдарында өте қиын. Шаруалар өз күштерімен ем-дом шарасын жүргізіп әлек. Жұқпалы вирус өзге ұсақ малға жұғып жағдай қиындай түсіпті.
«Он екі күн болды, 2 сиыр, 5 бұзау, 3 қозы ауырды. Бастапқыда біреуі ауырған, ертеңгісімен түгел ауырды. Округтің мал дәрігерлері тиісті шараларды жасады, 6 күн бойы тұзбен шайдық. Малымыз карантинде тұр. Қалай келгенін білмейміз? Киіктен жұғып жатыр ма, білмейміз?» – деді шаруа Қожантай Ғилаж.
Бұдан өзге Азғыр ауылында жылқы қырылып жатыр. Әзірге нақты саны жоқ. Шаруалар ауа райының қолайсыздығы мен жем-шөп тапшылығынан Қамбар ата түлігі сеспей қатқан деп отыр.
«Жылқы ауылға қиындық тудырып тұр. Жеке кәсіпкер, ауыл тұрғындарының жылқылары өліп жатыр. Қар түсіп қатуына байланысты шөп жоқ. Азғыр өңірінің Қоңыртерек, Балқұдық, Азғыр, Үштаған ауылдарында ауру өршіп тұр. Вакцина байланысты егіліп жатыр, – деді шаруа Бек Капуанов.
Қазір карантин жарияланған ауылдардан малды сыртқа шығаруға уақытша тыйым салынды. Жалпы ауру жұқтырды деген 1407 ірі қараның мыңнан астамы індеттен айыққан. Шенеуніктер жағдайды реттеу үшін екпе салуды бастапты.
«Облысқа 12 аурудың түріне вакцина жеткізілді. Алдын алу бойынша вакцина жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деді облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Сайран Ғұднан.
Мамандардың айтуынша індет тек жануарлар арасында таралады. Адамға жұғуы өте сирек. Әзірге ондай жағдайлар тіркелмеген. Ал шектеулер тек ветеринариялық шаралар аяқталған соң 30 күннен кейін ғана алынбақ.
Оқи отырыңыз: Медицинадағы былық: Маңғыстау облысында 600 миллион теңгеден аса қаржы жымқырылған