Қарасора-2025: биыл 14 ұйымдасқан қылмыстық топ жойылды

05.09.2025 21:47

Ел аумағында 105 жасырын зертхана жойылып, оның 12-сінің синтетикалық есірткі өндірумен айналысқаны анықталды

Елімізде есірткі қылмысы азаймай тұр. Биыл 8 айда көрсеткіш 3 пайызға артқан. Ішкі істер министрлігінің дерегінше, жыл басынан бері 2 мың 388 қылмыс әшкереленіп, 14 ұйымдасқан қылмыстық топ жойылған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жалпы жедел әрекет нәтижесінде заңсыз айналымнан 13,5 тонна есірткі тәркіленді, оның ішінде синтетикалық түрлері өткен жылға қарағанда үш есе көбейіп, 1 100 тоннадан асқан. Сонымен қатар ел аумағында 105 жасырын зертхана жойылып, оның 12-сінің синтетикалық есірткі өндірумен айналысқаны анықталды. Жалпы 24 мың тоннаға жуық прекурсор тәркіленген. Ең ірі көлемдегі зертханалардың бірі Алматыда анықталған.

«Биыл мамырда Алматы облысында өнеркәсіптік көлемде синтетика өндірген зертхананың қызметі тоқтатылды. ТМД елдерінің бірінің азаматы ұсталып, 140 килограмнан астам дайын өнім және шамамен 8 тонна химиялық зат тәркіленді. Бұдан шамамен 4 тонна синтетикалық есірткі дайындау жоспарланған. Сонымен қатар есірткі тасымалының 114 өңіраралық арнасы анықталып, 2 халықаралық арна жабылды», – деді ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов.

Жауаптылардың айтуынша, қылмыстық сауда көбіне интернет арқылы жасалатындықтан, бақылау күшейтіліп жатыр. Бұл бағытта жасанды интеллект жүйесі іске қосылып, оның көмегімен 23 мыңнан астам заңсыз ресурс анықталды. Сондай-ақ Telegram мессенджерімен бірлесіп аккаунт иелерін әшкерелеу жұмыстары жүргізілуде. Қазірдің өзінде 170-ке жуық ірі интернет-платформа жабылып, есірткі саудасында пайдаланылған 44 мыңнан астам карталық шот бұғатталды.

«Қарасора-2025» жедел алдын алу іс-шарасы да өз нәтижесін беріп, мыңнан астам адам ұсталды. Әсіресе, Жамбыл облысындағы жағдай алаңдатарлық, себебі аймақта жабайы қарасора 63 мың гектардан аса аумаққа таралған.

«Қарасора-2025» кең ауқымды операциясы жыл сайын жаз-күз мезгілінде, нақты айтқанда 1 маусымнан 31 қазанға дейін Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде құрамында есірткісі бар өсімдіктердің өсу маусымында өткізіледі», – деді ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов.

Үш айлық есірткіге қарсы арнайы операцияның арқасында 677 есірткі қылмысы анықталды. Заңсыз айналымнан 6 тонна есірткі заты, 2 тонна марихуана, 47 кг гашиш, 3 тонна каннабис өсімдігі, 155 кг синтетикалық есірткі, 8,5 тонна прекурсор тәркіленді. 1 082 адам ұсталды, оның 283-і уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Оқи отырыңыз: Әлімжеттілік пе: Шымкентте өзіне қол салған оқушысы жазба қалдырған