Картада жоқ елдімекен. СҚО-да Алқа ауылы ресми түрде таратылғанымен, онда әлі 3 отбасы күнелтіп жүр. Дертке шалдықса, дәрігер жоқ, ауыз су мен жолға мұқтаж олар өркениеттен өгейлік көріп келеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұрынғы Алқа ауылы ресми түрде 2024 жылы таратылып, көршілес Қарағаш елдімекеніне қосылған. Бүгінде ол картада тек бір көше болып қалған. Кезінде қыж-қыж қайнап жатқан тіршіліктің қазір ізі де жоқ. Тіпті, тірі жанның бары сезілмейді. Ал ауылға апарар жол лай-батпаққа айналған. Көлік кіре алмайды, елдімекенге жету үшін 5 шақырым жерді жаяу жүруге тура келеді.
Елдімекенде қалып қойған тұрғындардың бірі – Мақсат Исабеков. Сөзінше, Алқа бұрын үлкен ауыл болған. Мұнда медициналық пункт, мектеп, дүкендер жұмыс істеп тұрған. Қазір сол күндерді тек қираған ғимараттар еске салады. Кезінде мүмкіндігі болғандар ғана ауылдан көшіп кетіпті. Ал қалып қойған үш отбасы амалдап күнелтіп отырған көрінеді.
«Бұрын үлкен ауыл еді, 60 үй болған. Қазір азық-түлікті бір айға жететіндей етіп алып қоямыз. Ауданға тек трактормен немесе атпен қатынауға мәжбүрміз. Денсаулығыма байланысты мені ауданға жібереді, аудан қалаға жібереді. Ал менің аяғым ауырады, дұрыс баса алмаймын. Зираттың қасынан өтетін жалғыз жолды су шайып кеткен», – деді Есіл ауданының тұрғыны Мақсат Исабеков.
Ниязбек Закирьянов та – осы ауылдың тұрғыны. Алайда көшу жоспарында жоқ. Мал шаруашылығының арқасында күн көріп отырған ол қиындықтарға еті үйреніп кеткенін айтады. Десе де, жылдан жылға жағдай күрделеніп бара жатқанын жасырмайды. Жолдың жоқтығы, судың келмеуі – кәсібіне кедергі келтіріп отыр.
«Әзірге көшу туралы ой жоқ. Малымыз көп. Тек денсаулығымыз сыр бермесе болды. Жедел жәрдем көрші ауылда ғана бар. Бірақ жол нашар болғандықтан бізге келе алмайды. Ең құрығанда, құдықты тазалап берсе болар еді. Өйткені суды Қарағаштан әкелеміз. Бірден 300-400 литрдей алып қоюымызға тура келеді», – деді Есіл ауданының тұрғыны Ниязбек Закирьянов.
Ал ауыл әкімі қалып қойған тұрғындарға бірнеше рет көшуді ұсынғанын, алайда олардың бас тартқанын айтады. Қазір қолдан келгенше көмектесіп жатқанын айтты. Бірақ жолды жөндеу әзірге жоспарда жоқ .
«Біз оларды қараусыз қалдырмаймыз. Қыста жолды ашып береміз. Суды ұңғымадан алады. Негізі, жарық та бар. 2020 жылы орталықтан жаңа үйлерді ұсындық. Бірақ бұл кісілер көшкісі келмеді. Олар мұнда жеке шаруашылықтар ұстап отыр», – деді ауылдық округ әкімі Арман Әбілғазин.
Бүгінде елдің солтүстік аймағында 590 ауыл бар. Олардың жүзден астамы осы Алқа ауылы секілді жойылып кетудің алдында тұр. Ал ондағы үш мыңға жуық тұрғынның тағдыры қалай болары белгісіз.
«2019-2025 жылдар аралығында өңірдегі 59 ауыл таратылды. Соның 38-і жақын маңдағы елдімекендерге қосылды. Мемлекеттік қолдау шарасы ретінде әр отбасы мүшесіне 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көмек беріледі. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар көшу мен жұмысқа орналасуға жәрдемдеседі», – деді СҚО әкімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтолла.
Осылайша, қалып қойған тұрғындардың бірі туған жерін тастап, қияға кеткісі келмесе, енді бірі үйреншікті өмірінен айырылып қалуға қорқады. Ал кейбіреуінің жаңа өмір бастауға қаражаты жетпейді.
Диана Тұрлыбек, Аяулым Көлжігіт, Пётр Акутионов, СҚО