Сарапшылар күзде АҚШ валютасы 541,7 теңге болатынын айтты
Елімізде доллар бағасы 573 теңгеге жетуі мүмкін. Бұл – Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы бір жыл кейінге жасаған болжамы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы ұлттық валютаның долларға шаққандағы бағамына қатысты болжамын өзгертті. Бұған дейін сарапшылар келесі жылы АҚШ валютасы 548,5 теңге болады деп жорамал жасаған. Енді 573-ке барады деп есептеп отыр екен. Қаржыгерлер теңге бағамының құнсыздануын нарықтағы тұрақсыздықпен байланыстырады.
«Қосымша қауіптердің бірі – экспорттық табыстың азаюы. Қара алтын бағасы арзандап, келесі жылғы бюджетте мұнайдың орташа құны 75-тен 60 долларға дейін қайта қаралатын болады. Қазіргі таңда 60 доллар бұл болжауға негізделген, базалық сценарий болып саналады. Сол себепті экспорттан түсетін табыс та, елге келетін шетел валютасының көлемі де азаяды. Ал импорт бұрынғы деңгейде қалады, тіпті өсуі де мүмкін. Өйткені елімізде ірі инфрақұрылымдық және инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр», – деді Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының бас сарапшысы Рамазан Досов.
Сарапшылар келер жылы қара алтын құны да құбылады деп отыр. Мәселен Brent маркалы мұнайдың бір баррелі 66,5 доллар болуы әбден мүмкін. Қазір 67 доллар. Қаржыгер Рамазан Досов мұндай өзгерістің негізгі үш факторына тоқталды. Алдымен, ОПЕК+ елдерінің мұнай өндірісін арттыруы, одан кейін жаһандық сұраныстың төмендеуі туралы болжам, үшінші экологиялық таза энергия көздеріне көшу үрдісі. Сарапшы, мұның бәрі жаһандық экономикаға кері әсер етіп, экономиканы баяулатады. Демек мұнайға деген сұраныстың азаятынын айтты.
«ОПЕК+ елдері неге мұнай өндірісін арттырып жатыр? Себебі қазіргі уақытта ОПЕК+ пен ОПЕК-ке кірмейтін елдер арасында баға соғысы жүріп жатыр. ОПЕК+ елдерінде мұнай өндірудің өзіндік құны төмен. Ал АҚШ, Канада, Бразилия сияқты ОПЕК-ке кірмейтін елдерде бұл көрсеткіш жоғары. Сондықтан мұнай бағасы төмендеген кезде, әсіресе АҚШ-та бұрғылау белсенділігі азаяды, себебі мұндай бағамен мұнай өндіру тиімсіз – шығыны табыстан көп болуы мүмкін», – деді Рамазан Досов.
Қауымдастық теңгенің бір айдан кейінгі бағамына қатысты да болжамын өзгертті. Күзде АҚШ валютасы 541,7 теңге болады дейді. Бұған дейінгі жорамалда 523,4 деп көрсеткен. Қор нарығындағы жағдайдың жиі құбылуы қала тұрғындарының күнделікті өмір салтына да әсер етпей қоймады.
«Ақша сақтағым келсе, долларға ауыстырамын. Керек кезде, түсіп кетеді», – деді қала тұрғыны Қуаныш Рахан.
«Жалақымызды көтеріп жатқан жоқ. Ет 10 есеге қымбаттайды. Картоп та қымбат. Арзан ештеңе жоқ», – деді қала қонағы Айзада Молдашқызы.
Қаржыгерлер тапқаны тамағы мен күнкөрісінен артылмайтын халыққа табыс көзін әртараптандыруға кеңес береді. Яғни, тек бір жұмыспен ғана шектеліп қалмай, қосымша табыс табуға талпыну қажет деп отыр. Өйткені, валюта бағамының қай кезде қалай өзгеретінін болжау мүмкін емес.
Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Астана
Оқи отырыңыз: Барахолка сауда орындарда өртке қарсы шаралар күшейтілді