Биржа мамандары тілшілер қауымына қор нарығының негіздерін, акциялар бойынша капитал өсімі мен дивидендтік кіріс алу тетіктерін түсіндірді
Елімізде қор нарығына бет бұрып, бағалы қағаздарға қаржы салушы жеке инвесторлардың белсенділігі артып келеді. Қазақстан қор биржасының деректеріне сүйенсек, нарықта 700 мыңнан астам субшот пен 4,6 миллионнан астам омнибус шот тіркелген, ал халықтың таңдауында акциялар секторы 49,9 пайызбен көш бастап тұр. Күрделі қаржылық үдерістерді бұқараға қарапайым әрі дәл жеткізу мақсатында Алматыда БАҚ өкілдеріне арналған тәжірибелік семинар өтті, деп хабарлайды Almaty.tv
Айта кетейік, 1993 жылы құрылған KASE-нің акционерлік құрылымында Ұлттық банк үлесі 47 пайызды, ал екінші деңгейлі банктер 34 пайызды иеленеді. Офлайн форматта ұйымдастырылған білім беру жобасы аясында биржа мамандары тілшілер қауымына қор нарығының негіздерін, акциялар бойынша капитал өсімі мен дивидендтік кіріс алу тетіктерін түсіндірді.
Сонымен қатар жиында инвестициялау кезіндегі табыстылық пен тәуекел арақатынасын бағалау, нарықтың лицензиясы бар қатысушыларымен жұмыс істеу және кибералаяқтықтан қорғану жолдары ортаға салынып, журналистердің кәсіби құзыреттілігін арттыруға басымдық берілді.
«Қаржылық сауаттылықты нығайту үшін қор нарығы қалай жұмыс жасайтынын білу керек, кез келген ақпаратты дұрыс анализ жасап, мұқият тыңдап, компанияны зерттеп, шешім қабылдау керек. Біздің тренингтің мақсаты – кез келген адамға нарық бойынша дұрыс ақпарат жеткізу және қаржылық сауаттылықты нығайту», – деді Kase academy жобасының жетекшісі Темірлан Тайлықбаев.
Оқи отырыңыз: Жеке мәліметтерді саудалаған киберқылмыскерлер тобы құрықталды - ІІМ