Каспий теңізінің жан-жануарлары мен өсімдіктер әлеміне қауіп төніп тұр
Каспий теңізінің жан-жануарлары мен өсімдіктер әлеміне қауіп төніп тұр. Оған дәлел, соңғы жылдарда Каспийдің эндемигі – итбалықтардың жаппай қырылуы. Былтыр теңіз жануарының 2 мыңнан астамы өлген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Түпқараған ауданының тұрғыны Данияр Әкімжановты «Итбалықтар неге қырылады» деген сұрақ 2000 жылдан бері мазалайды. Себебі теңіз жануары сол кезден бастап жылда азайып жатыр. Суды мекендейтін құстар мен ұсақ балықтар да қырылған. Балық аулауды кәсіп еткен тұрғын теңізге талай рет май қалдықтары төгілгенін көзіммен көрген.
«Солтүстік күнбатыстан жел соғатын болса, міндетті түрде теңіз жағасында өлексе пайда болады. Карчагин, Филоновский, Хвалинский деген үлкен жобалар жұмыс жасап тұр. Жобаларға, теңіздің бетінде жұмыс жасап тұрған мекемелерге мониторинг жүргізу керек», – деді Балықшылар қауымдастығы облыстық филиалының директоры Данияр Әкімжанов.
Тәуелсіз эколог Әділбек Қозыбақ та теңіздің биоалуантүрлілігін сақтап қалу үшін нақты тапсырмалар барын, алайда, әлі күнге ештеңе жасалмағанын сынға алды. Оның айтуынша, Каспий теңізін зерттеу институты да қағаз жүзінде құрылып, жұмысын бастаған жоқ.
«Каспий биоалуантүрлілігін сақтау үшін резерват құрылды. Дегенмен оның нақты жасап жатқан жұмысын көрген жоқпыз. Бұл мәселені Президенттің өзі де көтеріп, халықаралық биоалуантүрлілікті қорғау қорын құруды ұсынды. Сондықтан немқұрайлы қарамай, қоғам болып атсалысуымыз керек деп ойлаймын», – деді тәуелсіз эколог Әділбек Қозыбақов.
Осы тұста Каспийді жағалай орналасқан көрші Ресейде теңіздің тіршілік әлемін зерттеумен айналысатын бір емес, бірнеше ғылыми мекеменің жұмыс істейтінін айта кеткеніміз жөн. Олардың есебінше, Каспийде қазір 260 мың итбалық қалған.
«Иә, менің ойымша да аудит жүргізілуі керек. Ал комиссияда Каспий маңындағы 5 елдің ғалымдары болуы тиіс. Мұнай өндіруші компаниялар қанша жерден ең заманауи технологияны қолданды дегеннің өзінде, теңізге әсері болуы мүмкін. Мұны жоққа шығармаймыз», – деді «Таза теңіздер» қорының бас директоры Василий Богославский.
Былтыр Каспий теңізінде ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде итбалықтарға қолайлы аумақ таңдалып, резерват құрылыпты. Бірақ әзірге мұндағы штат мәселесі мен қаржыландыру көлемі толық шешілмеген.
«2024 жылдың қазанында Каспий теңізінде итбалықтары сақтау бойынша «Каспий итбалығы» деген мемлекеттік табиғи резерват құрылды. Резерваттың аумағы 106,8 мың гектар. Қазіргі уақытта оның аумағын ұлғайту жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деді ҚР АШМ Балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Аян Бахиянов.
Табиғи резерватта шамамен 90-ға жуық мемлекеттік инспектор жұмыс істемек. Мамандардың айтуынша, Каспийдің түбінде кезінде батып кеткен кеме көп. Олар да суда шіріп, ауыр металдар бөліп, май қалдықтары төгіліп, теңіздің флорасы мен фаунасына зиянын тигізіп жатыр. Сондықтан кемелерді тез арада судан шығарып, тазарту жұмыстарын жүргізу қажет.
Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, Маңғыстау облысы
Оқи отырыңыз: Тоқаев Маңғыстаудағы су тапшылығын азайту үшін нақты шешім қабылдауды тапсырды