«Каспий – Арал» магистралінің құрылысы басталды

04.08.2026 16:58

Сексеуіл – Бейнеу жолы тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ірі жол құрылысының бірі

Жол – мемлекеттің күре тамыры. Тамыр соқса, тірлік тіктеліп, ел түлейді. Елімізде президент бастамасымен «Каспий – Арал» магистралінің құрылысы басталды. Бұл – тәуелсіздік жылдарындағы ең ауқымды жолдардың бірі. Үш облысты жалғайтын күре жол елдің транзиттік әлеуетін көтереді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі. 

Сексеуіл – Бейнеу жолы тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ірі жол құрылысының бірі. Президент жаңа жолға «Каспий – Арал» магистралі деген атау берді. Сексеуіл – Бейнеу арасы екінші санатты, Қызылорда – Сексеуіл бағыты бірінші санатты жол болады. Магистраль іске қосылса, Ақтау мен Құрық порттарына жүк ағымы көбейіп, елдің транзиттік әлеуеті артады.

«Ақтөбе-Ұлғайсын, Қызылорда-Сексеуіл, Сексеуіл-Ұлғайсын – осы үш жобаны қоссақ 1200 шақырымға жуықтайды. Бейнеу-Сексеуіл 800-шақырымды құрайтын жоба басталды. Бұл жобалардың барлығын қоссақ, 2,5 триллиондай қаражат бөлінді. Еліміздің жол құрылысын дамытуға, экономикасын дамытуға септігін тигізетін болады», – деді ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев.

Қазір батысқа негізгі жол Ақтөбе арқылы өтеді. Болашақта бұл бағыт шамамен 900 шақырымға қысқарады. Жаңа магистраль қашықтықты қысқартумен қатар жүк тасымалын жеделдетеді.

«2029 жылға дейін жолды ашуды жоспарлап отырмыз. Туризм және әлеует картасын толық ауыстырады. Осы жобаларды іске асырғаннан кейін 3 есе транзиттік көлем өседі деп күтіп отырмыз», – деді «Қазавтожол» ҰҚ» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев.

Жол – тіршілік тамыры. Қызылорда – Ақтөбе жолының кеңеюі көптің тілегі еді. Ал Сексеуіл – Бейнеу магистралі шалғай ауылдардың тынысын ашады. Жол бар жерге кәсіп келеді, кәсіп бар жерге ел тұрақтайды.

«Арал ауданына 200 шақырым жердегі Құланды, Ақеспе, Ақбасты, Қосаман, Бердікөл елдімекендеріне қан жүгіріп, үш мың халықтың үні естіліп, басталып жатқанына аудан тұрғындары ретінде қуаныштымыз. Жол қатынасы оңтүстік пен батысты жақындатып, азық-түлікке, халықтың тұрмыс-тіршілігіне оң әсерін тигізеді деп есептейміз», – деді Сексеуіл кентінің тұрғыны Бақтияр Ізбасаров.

Үш өңірде қатар басталған бұл құрылыс - жаңа мүмкіндіктерге де жол ашады. Туризмге серпін, кәсіпке қолдау, халыққа жұмыс. Ең бастысы – елдің ертеңіне салынған инвестиция болмақ.

Асқар Сәрсенұлы, Төрехан Әділбекұлы, Қызылорда облысынан

Оқи отырыңыз: Алматыдағы полиорталықтарды дамыту: жаңа жолдар мен инженерлік желілер