Қасым-Жомарт Тоқаев Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенін аралап көрді

19.06.2025 11:56
Ақорда

Мемлекет басшысы жеке инвестордың қаржысына салынып, биыл пайдалануға берілген көпфункциялы ғимараттың қызметімен танысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Елордада орналасқан кешенде түрлі деңгейдегі спорттық іс-шаралар, сондай-ақ халыққа арналған сауықтыру және демалыс бағдарламалары ұйымдастырылады.

Нысан аумағында футзал, волейбол мен баскетбол алаңдары, бокс, дзюдо, қазақ күресі және басқа да спорт түрлерімен шұғылдануға арналған жекпе-жек залдары бар.

Президент бұқаралық спортты дамыту үшін осындай кешендерді көптеп салу қажет екенін айтты. Сондай-ақ жас боксшылармен және футболшылармен әңгімелесіп, олардың келешекте әлем, олимпиада чемпиондары болуына тілектестік білдірді.

"Бұл үшін, ең алдымен, еңбек ету керек, табандылық қажет. Жеңіске тек еңбекқорлық қана жеткізеді", – деді Мемлекет басшысы.

 Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жас боксшылармен әңгімелесіп, олардың келешекте әлем, олимпиада чемпиондары болуына тілектестік білдірді.

Оқи отырыңыз:  Алматы әкімі кәріз жүйесінің құрылысына жауапты мердігерге мерзім мен сапаны қатаң сақтау жөнінде талап қойды