Қазақ даласына Пржевальский жылқысы мен жолбарысты қайта жерсіндіру басталды

05.11.2025 15:39

Бұл туралы биолог, ғалым, Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының өкілі Сергей Скляренко мәлімдеді

Елімізде сирек кездесетін жануарлар саны артып барады. Киіктердің саны шамамен 4,5 миллионға жеткен. Бұл – соңғы 50 жылдағы ең жоғары көрсеткіш, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қазақ даласына Пржевальский жылқысы мен жолбарысты қайта жерсіндіру басталды. Ол үшін Іле-Балқаш резерватына алғашқы жолбарыстар мен олардың қорек болатын жануарлары әкелінген. Бұл туралы биолог, ғалым, Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының өкілі Сергей Скляренко мәлімдеді. Оның сөзінше, бұл мақсатта арнайы құжат қабылданады. Яғни, жоба аясында жаңадан ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрылып, қорық жерін кеңейту жұмыстары жүргізіледі. Бүгінде бірқатар шаруа басталып та кетіпті. Мысалы 2018 жылдан бері «Бөкейорда», «Іле-Балқаш» , «Ұлытау» және «Тарбағатай» сияқты  ұлттық парктері салынып, «Барсакелмес» қорығының аумағы ұлғайтылған. Көктемгі аңшылықты тоқтату бойынша ғылыми негіздеме әзірленіп, нәтижесінде аңшылық 4 жылға тоқтатылған. Мамандар «бұл шаралар өз кезегінде жабайы жануарлардың көшу жолдарын сақтау, энергетика нысандарында құстар мен аңдардың қырылуын болдырмауға сеп» дейді.

«Соңғы екі онжылдықта Қазақстан сирек түрлерді сақтау және табиғи экожүйелерді қалпына келтіру бойынша аймақтық көшбасшылардың біріне айналды. Қауымдастық қазір құстардың ұзақ ұшуы кезінде түрін сақтап қалу, инфрақұрылымның жабайы табиғатқа әсерін азайту, киіктерге арналған экологиялық өткелдер салу және қалалық табиғатты, соның ішінде Астанадағы Талдыкөл көлін қорғау жобаларын жүзеге асыруда. Қызыл кітапқа енген Қызылқұм арқары мен еуропалық құндыз жойылып барады. Сондай-ақ балобан сұңқарының саны 10 есеге азайған. Бұл бағытта да жұмыс істеп жатырмыз», – деді Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының ғылым жөніндегі директоры Сергей Скляренко.

Оқи отырыңыз: Алимент жыры: Шымкентте 4 млн теңге берешегі бар борышкер сотталды