Қаралы жиында Мемлекет басшысының көңіл айту хатын Президент кеңесшісі Бауыржан Омаров оқыды
Қош бол, бабалар сөзінің баһадүрі! Бүгін қазақ халқы тағы бір алыбын ақтық сапарға шығарып салды. Фольклортанушы ғалым, академик, көрнекті қоғам қайраткері Сейіт Қасқабасов 85 жасына қараған шағында дүниеден өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Әдебиеттанушымен қоштасу үшін марқұмның жақындары мен замандастары Жазушылар одағында көрісті. Қаралы жиында Мемлекет басшысының көңіл айту хатын Президент кеңесшісі Бауыржан Омаров оқыды. Ал ғалымның көзін көргендер естелігін жеткізді.
«Біздің фольклортануды екі кезеңге Қасқабасовқа дейінгі және Қасқабасовтан кейінгі деп бөліп айтуға болады. Өйткені Қасқабасовтың еңбектері фольклор жөніндегі түсінігімізді өзгертіп берді», – деді ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сауытбек Әбдірахманов.
«Қазақ фольклортануы – әлемде ең бай қазына. Соның байлығын көрсетіп, дүниеге мәшһүр мәлім еткен осы ағамыздың еңбектері. Сейіт Қасқабасов – қазақтың халық қазынасын ескі ауыз әдебиет үлгісін жаңа әдебиетін ұштастырып, зерттеп әлемдік деңгейге танытқан адам», – деді халықаралық түркі академиясының сарапшысы, фольклортанушы ғалым Ақеділ Тойшанұлы.
Сейіт Асқарұлының жаназасы одақ алаңында шығарылды. Марқұм Кеңсай зиратында жерленді.
Еске салайық, кенен білім мен кемел ғылым жолында өлшеусіз үлес қосқан, өшпес мұра қалдырған ғалым – «Қазақтың халық прозасы», «Жаназық», «Елзерде» сынды танымал туындылардың авторы. Семейде дүниеге келіп, Алматыда қызметтік жолын жалғаған филология ғылымының докторы талай жастың үмітін оятты, қиялына қанат бітірді.
«Сейіт Асқарұлы Қасқабасов сол кезеңдегі үлкен бір дәуірді бастаған және сол дәуірді аяқтаған үлкен тұлға деп айтуға болады. Ол кісінің артында үлкен мектебі қалды. 100-ден аса шәкірт дайындады. Артында 10 томнан астам мұрасы қалды. Осының бәрі қазақ руханияты үшін, мәдениеті үшін сарқылмайтын қазына деп айтуға болады», – деді М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры Кенжехан Матыжанов.
Оқи отырыңыз: Биыл Тұманбай Молдағалиевтің туғанына 90 жыл толды